З.Серікқали мектебіндегі соңғы қоңырау

(0 Votes)

Зейнолла Серікқалиев атындағы мектеп-интернатта өткен «Сыңғырла, соңғы қоңырау салтанаты» жүректерді елжіретіп жанарларға жас үйірді десе де болады.

Мектеп бітіруші түлектердің сынып жетекшісі Хасанова Фариза Аманжанқызы мен сынып тәрбиешісі Нұрбаева Тамара Ғабитқызының есімдері аталғаннан кейін түлектердің өздері де құрметпен ортаға шақырылды. Облыстық ғылыми жобалар байқауының ІІІ орын, аудандық пікірталас, қолданбалы өнер байқауының жүлдегері Қыдырова Гүлдана, аудандық жыл оқушысы - 2019» байқауының ІІІ орын, аудандық «Ана тілі аруы» байқауының да ІІІ орын жеңімпазы Қисаева Дәметкен, аудандық математика, олимпиадасының, пәндік олимпиаданың, «Президенттік көп сайыстың» ІІ орын жүлдегері Жәнібекова Айнажан, аудандық қолөнер байқауының ІІІ орын жеңімпазы Маратова Аружан, мектепішілік «Арайлы күз» байқауының бірінші орын жүлдегері Сүлейменов Мирас, - деп мектеп-анамен қоштасқалы тұрған шәкірттердің олжа салған сәттері саналарда жаңғырды.

Алғашқы құттықтау сөзін айтқан тәжірибелі педагог-басшы Бисенғалиев Қабдрахим Сүлейменұлының лебізінде мектептің осы оқу жылындағы жоғары табыстары, өз қолдарынан түлегелі отырған шәкірттерге артылар сенім, ұстаздар еншілеген биіктер, жаңашылдыққа ұмтылыс, алғаш табалдырық аттағалы тұрған балғын балақайларға сәтті жол, т.б.міндеттер мен ізгілікті тәрбиеге шақырған ұлағатты ой өрнек тауып жатты.

Одан әрі осы шараға аудан әкімінің құттықтау тілегін алып келген ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлы, осы мектепте ұзақ жылдар абыройлы еңбек еткен марқұм Тағанқожа Өтегеновтың ұлы Ұлыбек Өтегенов, ауданның белгілі кәсіпкері Мирғали Қимеденұлы Ғабдушев, ардагер ұстаз Мүлкат Шапхатова сөйлеп, ақжарма тілектерін арнады. Бақтығали Айтуған есімді шәкірттің «Мектеп-Ана» әнін орындауы егделерді балғын бала күндерімен қауыштырғандай, иіріміне, тартқан игі де ізгі әсерге бөледі.

Ерекше есте қалған жағдай әйгілі Атымтай жомарт Мирғали Ғабдушев 20 балғын шәкіртке 200 мың теңгенің киім-кешек сыйлығын ала келіпті, сол сөмкелерін «Жақсы оқыңдар» деп әр баланың маңдайынан аталық жолмен сипап табыстағанда толқымаған жүрек, риза болмаған жан қалмағандай.

Бұл күні мектеп өміріндегі игі жаңалық орын алды. Педагогикалық кеңес шешімімен КСРО, Қазақ КСР ағарту ісінің озық қызметкері ауданның Құрметті Азаматы Тағанқожа Өтегеновтың есіміне информатика кабинеті берілді. Көпшіліктің қатысымен лентасы қиылып, кабинет ілмелері, көрнекіліктері, ғибыратты ғұмыры таныстырылды.

Т.Дәрелов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT