Наурыз мейрамына орай Құрманғазы ауданы белсенді атбегілерінің ұйымдастыруымен ат спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Алдымен жаппай көкпарда Орлы ауылынан Асылби Орынғалиев «Торытөбел», Келес Алпысов «Үркер», Дидар Сағынов «Аламан», Мерген Кенжеғалиев «Тайбурыл», құрманғазылықтар Қайрат Досбаев «Чемпион», Ринат Ниғыметов «Черный», теңіздік Мейрамбек Икрам «Теңбіл», Тiлектес Шынтасов «Дос», Ернар Ташимов «Жиренбай», алыстағы Үштаған ауылынан келген Дамир Молдашев «Бақторы», Жасұлан Кенжеғалиев «Айтұмар» атты тұлпарларымен күш сынасты. Салымдардың басым бөлігін қазанға дөп түсірген үштағандық Жасұланның бағы жанды.
Тай жарысында Механизаторлар мөлтек ауданынан Айбек Аманжолавтың «Секрет» атты тайы бірінші келді. Екінші, үшінші орындарға ақкөлден Ғалиденов Жайсаңбектің «Самұрығы», орлылық Сәрсенғали Бимағамбеттің «Тентек қарасы» жайғасты. Алты шақырымдық құнан жарысы қызықты өтіп, құйрық тістесе шапқан екі құнан бірін-бірі алдырмады. Тек мәре сызығы алдында ғана Маңғыстау облысынан келген Азамат Бақытұлының «Айкөзі» Ғалиденов Жайсаңбектің «Қазынасының» алдын орап кетті. Үшінші жүлде дыңғызылдық Ажығалиевтің «Қыранына» бұйырды. Тоқ бәйгеде Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Ғадылов Қуанышбектің «Хантөбелі» 12 шақырымдық жарыс жолын бір демде өтіп шығып бәйгеге тігілген байталды қанжығалап кетті. Теңіздік Жақсылық Қапеновтің «Алау» атты тұлпары бұл жолы да иесін жүлдесіз қалдырмады. Үшінші жүлдеге ақкөлдік Ахмурзин Ерсайынның «Ақбақайы» ілікті.
Аударыспақта ат үстінде еркін отырып, әбжіл қимылдайтын крестілік Ринат Ниғыметовтің мерейі үстем болды. Оған ақтық сында кездескен қара күш иесі Ерсейіт Бралиннің де шамасы жетпеді. Жарыстарға ауданның белсенді атбегілері жүлде тағайындап, демеушілік жасады.