Материалдық жағдайды жақсарту жолын маңызды мақсат тұтпай, жұмысын жан рахаты үшін жалықпай жасай алатын жандар бар.
Соның бірі - Қама Оралбекқызы.Ресей мемлекеті Астрахань қаласынанакушер мамандығы бойынша медициналық жоғары білім алып,осы салада талай жыл еңбек етсе де, балалық шақтағы хоббиына деген махаббаты қазіргі шаштаразшы қызметіне жетелей берді. Бұның аясында да арнайы оқуды бітіріп, 2005 жылдан бері аудан орталығындағы «Темірлан», «Мерей» сауда үйлеріндесүйікті кәсібімен айналыса бастаған. Бүгінгі күнде ол - «Жайнар» сауда орталығындағы «Әйгерім» сұлулық салонында шаш сәндеуші маман.
Қатары үзілмей, ізінен іздеп келер тұтынушылары өз ісішеберінің қарапайымдылықты басты қағида ұстанатынын көп тілге тиек етеді. Сөздеріне сүйенсек, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, зейнеткерлерге жеңілдікпен қызмет көрсететінжұмыс орнында жайдары қалпынан танбайтын жан әр тұтынушының сырт келбетін сәндеп қана қоймай, ішкі болмысына да терең бойлай біледі.
- Мен қарекетімді шексіз сүйемін! Одан бойыма рухани ләззат табамын. Ісіме жүгінгендердің ризашылығы мен алғысынан зор марапат жоқ. Сол шынайы ыстық ықылас, ниет өміріме шуақ шашады. Басқаның алдын көлегейлеп, бәсекеге түсуді ойыма да алғым келмейді. Ол мен үшін тек биік белестерге талаптандыратын күш, - дейді ол ағынан жарылып.
Үкіметтің «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен несие алып, несібесін адал тауып жүрген Қама Оралбекқызы Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде мамандығы бойынша студенттерге сабақ беріп, тәжірибесімен жүйелі бөлісіп отырады. Үміт артқан шәкірттерінің кезіккенқиындыққа шорт сынбай, табандылық, еңбексүйгіштікпен қабілетін шыңдауына қашан да тілекші.
Жұмысында жауапты қызметкер отбасында татулықты, тыныштықты қадағалайтын аяулы жар, ардақты ана. Үлкендерден алған өнеге, жарының қолдауымен үш баласын аяқтандырып, тәлім-тәрбиеге қанықтырып отырған жайы бар. Әсіресе қыз баланың қанатын түзу қағуына анасының шалыс баспағаны, сырлас атана білгені жөн деп санайды.
Мемлекетіміздің әйел-аналарға деген қамқорлығына көңілі толатын кейіпкеріміз нәзік жандылардың сұлу да, сымбатты болуы, айналаға мейіріммен қарауы әлемге жарық сәуле сыйлайтынына бек сенімді. Әдемілікті арттыру жолында әлі талай тер төгуді көздейтін көркем мінездің иесін мерекемен қызу құттықтап, мерейі тасуын тілейміз!
Еркеназ Қалижан