Өз экологиямыз – өз қолымызда

(0 Votes)

Қазақтар – ежелден табиғатын сүйіп өскен, қоршаған ортаға үлкен ілтипатпен қараған халық.

Бұған дәлел, күні кешеге дейін, туған өңіріміздің табиғатының таза болғандығын айтсақ та жеткілікті. Халқымыз "экология" деген сөзді естімей өскен ұрпақ. Оған қоса, қазақтар өз елі үшін біраз игі істерді жүзеге асырды. Мысалы, тауды бұзып, жерді терең қазып, өзен-көлді бұғалықтады. Нақтылап айтқанда, ғылыми-техникалық революция болды. Одақ тұсында көп тонналық өнеркәсіптер іске қосылды. Сол кездерде мұның қызығын көрген едік. Бірақ, өкінішке орай, ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері мен тез дамуы, адамзаттың барған сайын аш-көздікпен табиғатты тонауы, биосферадағы жаратылыстың тепе-тендік заңдарын бұзды. Осылардың нәтижесінде жеріміздің ауасы тарылып, өзен-көлі бүлініп, жайылымдардың топырағы тілініп, қоршаған ортамыз көз алдымызда азып-тоза бастады. Мұның соңы азынаған желге, ащы және улы жаңбырға, ормандардың мезгілсіз қурауына, ауа райының бұзылуына, қоршаған ортаның әртүрлі улы қосылыстармен ластануына әкеліп соқтырды. Қоршаған ортадағы тепе-теңдіктер бұзылды. Адамдардың денсаулығы нашарлап аурулардың түрлері және саны көбейді.

Қазақстанның көптеген аудандары, бүгінгі күнде экологиялық мүшкіл хал кешіп отыр. Қоршаған ортаны қорғау шараларына, республикамыз біршама мөлшерде мемлекеттік және орталықтандырған түрде күрделі қаржы бөле бастады. Алайда, мұның бәрі, республиканың ұлттық табысының 1%-на да жетпейді.

Соңғы уақыттарда еліміздің табиғатын қалай сауықтыруға болады деген сұрақ көп қойылуда. Бұл өте күрделі мәселе. Ол үшін балалар бақшасынан бастап, мектептерде, жоғары оқу орындарында, адамдардың табиғатқа, қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертіп, қалыптастыру керек. Қазіргі заманға сай экологиялық идеология қажет. Егер де, біз, жас ұрпақты кішкентай кезінен бастап табиғатты сүюге тәрбиелемесек, көп нәрседен ұтылатынымыз хақ. Әрбір тәрбиеші, мүғалім, маман, басшы, экология негіздерін жақсы білуі қажет. Сонда ғана, әрбір адамның миында, қанында, көзқарасын да қоршаған ортаны бүлдірмеу керектігі туралы негіз қалыптасады. Халқымыз туған өңір табиғатын қорғауда белсенділік көрсете алады. Біздің табиғаттың бір бөлшегі екендігімізге көз жеткізу өте маңызды.

Б.Қазиханов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT