Қыстың қысқа күні тез батып, қою қараңғылық айналаны тұмшылаған сәтте үйіне келіп демалып жатқан, жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Құрманғазы ауылының тұрғыны, 27 жасар Әди Бектеміров сол түні алда не күтіп тұрғанын білген жоқ.
Сай-сүйгеңнен өтетін мұздай суда өзге адамның өмірі үшін ажалмен арпалысып, мұзға ойылған ауыл тұрғынын құтқаратыны үш ойласа да түсіне кірмегені анық. Ондай ерлікке барары да оған беймәлім еді.
Оқиғаның қалай болғанын өз аузынан естиік.
– Кешкі 7-лерде үйде отырғанымда апам маған келіп: «Жаға жақтан бір баланың «Құтқарыңдар» деген дауысы шығады» деді. Біз екінші қабаттамыз ғой. Балконға шығып едім, менде естідім. Қара көлеңке мезгіл. Ойланып тұратын уақыт жоқ, жеңіл киініп алып жағаға тұра жүгірдім. Шарон өзенінде ууға батқан адамның мойыны көрініп тұр екен. Жұқа мұздың үстімен жылдам жүріп жақындадым. Ірі денелі, егде апа екенін жеткенде байқадым. Мұздай судың ішінде қалқып тұр. Қолынан ұстап, ептеп көтеремін дегенімде мұз ойылып, екеуіміз бірге тереңге батып кеттік. Су бетіне кері шықтым. Апа маған жабысып алып айырылмайды. Тағы да 4-5 рет баттық. Ол кісі батқан сайын мені өзімен бірге әкетеді. Себебі, мен де айырылып қалмайын деп қолынан мықтап ұстадым. Ол жерде өлімді емес, апаны құтқаруды ғана ойладым. Себебі, апада әл жоқ. Мен келгенге дейін суық суда біраз тұрып қалған тәрізді. Өзімнің де екі қолым үсіп, икемге келмей қалды. Апаны қолынан ұстап, бар күшіммен судан шығуға тырысқаныммен ол кісі ірі денелі болғандықтан әлім келмей қойды. Босатып жіберсем болды, батып кетеді. Осылай арпалысып жүргенімде полиция қызметкерлері жетті. Дер кезінде келмегенде екеуіміз де өлетін едік. Инспекторлар мұзға ойылып, су-су болса да бір-бірімен жалғасып біздерді судан шығарып алды. Сол үшін рахмет! Алланың қолдауымен аман қалдық, – деді Әди бізбен әңгімесінде.
Апасы Зиба да жағада жүрген. Оның қандай жағдайда болғанын, оңай тимегенін түсінеміз. Қатерге бас тігіп, көзсіз ерлікке барған жас жігіт өзін жақсы сезінеді. «Жедел жәрдем» көлігі шақыртумен кетіп қалғандықтан полицейлер екеуін ауруханаға өз көліктерімен жеткізген.
– Дәрігерлер барған бойда алғашқы көмек көрсетті. Бойым жылынып, өзіме-өзім келдім. Жағдайым жақсы. Судан шыққан апаның да жағдайы бірқалыпты деп естідім. Бүгін аудандық полиция бөлімінің басшысы Найзабек Құбашев арнайы келіп ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады. Өзім марапаттайтындай ерлік жасадым деп ойламаймын. Менің орынымда кім болса да солай етер еді. Адам өмірі қымбат ғой. Көз алдыңда біреу суға кетіп жатса қалай қарап қаласың?! Бүгін, үйге келгеннен соң ғана бәрін көз алдымнан өткізсем өміріме қандай қауіп төнгенін бағамдаймын, – дейді жұқалтай келген сары жігіт.
Ерлікті алып денелі адамдар емес, басқалардың өмірін сақтап қалу үшін жанын қиюдан тайынбайтын бойына үлкен-ерік жігер мен батылдықты сыйдырған азаматтар да жасай алатынын Әдидің ісінен көріп отырмыз. Суға батқан адамды көріп жаны шыға шырылдап полицияға телефон соғып, өзі де солардың қасында жүрген, құтқару барысын бастан-аяқ бейнебаянға түсірген апасы, Теміржол шекара бақылау бөлімшесінің аға сержанты Зиба Бектемірова да аудандық полиция бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айнагүл Шакупова