Аудандық емхананың мәжіліс залында республика көлемінде 20-29 жас аралығындағы жастарға қызылша және қызамыққа қарсы қосымша иммундау айлығының салтанатты ашылу шарасы ұйымдастырылды.
Оны аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева ашып, вирусты аурудан сақтандырудың бірден-бір жолы - екпе түрін алу қажеттігін ескертіп:
- Соңғы 2-3 жылда елімізде қызылша дерті көбейіп отыр. Енді халық арасында эпидемия таралмасын деген ниетпен аурудың алдын алу мақсатында республика бойынша айлық жарияланды. Вакцина 16 қыркүйек күні термо-индикатормен Атырау қаласынан ауданға жеткізілді. Инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі бойынша 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 9-10 айлық балалар мен 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін қызылшаға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда аталған жас арасында вакцинациялаудың өту себебі — осы контингент арасында шоғырлану және белсенді миграция байқалады.
Қызылша мен қызамыққа қарсы екі компонентті вакцина Үндістанда өндірілген, сондай-ақ тексерулердің барлық сатыларынан өтіп қауіпсіз деп танылған. Елімізде тұрғындардың бұл екпені тегін алуына мүмкіндік туғзылып отырғанын, Үкімет тарапынан оған үлкен қаражат бөлінгенін, ал басқа мемлекеттерде әрбір азамат бұл дерттің алдын алумен күресу үшін қосымша ақы төлейтінін ескерткіміз келеді. Бұл жұмыстарды жүргізуге барлық медициналық мекемелер, екпе салатын бригадалар дайын. Аудан бойынша 22 бригада жасақталды. Вакциналарды тасымалдау және сақтау кезінде «салқындату тізбегі» қамтамасыз етіледі. Әсіресе, бұл талап шалғайдағы қыр өңіріне жол жүргенде қатаң қадағаланады. Егуден кейінгі кезеңде барлық егілген адамдарды белсенді медициналық бақылау назарда ұсталады, - дей келе, бас дәрігер аурудың алғашқы клиникалық белгілері, оның жасырын кезеңдері, вакцинациядан бас тарту кезіндегі қауіп-қатерлер туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, медицина қызметкерлері мен аудан тұрғындарын бұл науқанды ұйымшылдықпен өткізуге шақырды.
Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Карл Отаров Қазақстан Республикасында 20-29 жас аралығындағы адамдарды қызылшаға және қызамыққа қарсы қосымша иммундауды жүргізу туралы ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ж.Бекшиннің қаулысын таныстырып, вакцинациялаудың күнделікті өтуі үнемі бақылауда ұсталынатынын қаперледі.
А.Шакупова