Ауданымызда «Қыз жасауы» салоны өз жұмысын бастады. Ал, оны жергілікті кәсіпкерлер Рита Сақыпалиева мен Виктория Жолдасова ашты.
Олар «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша арнайы курс оқып, бизнес-жоба қорғап, әрқайсысы 2,5 миллион теңге иеленіп, бүгінде сол қаржыға орталық ашып отырған жайы бар.
– Қолынан іс келетіндерге мемлекетіміз бар жағдайды жасап отыр. Тіпті, қаржы беріп, нәсіп қыл дегендей, кәсіпкерлерге көптеген бағдарлама ұсынуда. Бұл ретте, өзім де қапы қалмай, екі айлық тігін курсын оқып, бизнес-жобамды қорғап, грант ұтып алдым. Соның көрінісі ретінде, әріптесім Викториямен бірлескен түрде салонымызды ашып отырмыз. Ондағы мақсат, құрманғазылықтар ұзатуына не қуанышты тойына керекті төсек пен жастықты қаладан іздеп сандалмай, өзі қалағандай үлгіде бізден-ақ тіктіріп ала алады,-дейді Рита Сақыпалиева.
Оның айтуынша, басқа дүкендерден ерекшелігі – ұсынатын тауарының арзандығында екен. Күні-кеше лентасы қиылып, салтанатты түрде ашылған орталықта үш тігінші жұмыспен қамтылған. Жаңадан бой көтерген «Қыз жасауы» салонынан өзіңізге қажетті көрпе, жастық, жасауға керекті жабдықтар мен терезе, диван жапқыштары тігіледі.
Жайдарлым Қайреден