Жаздың ыстық, жанға жайлы шуақты күндерін суық, жаңбырлы, сұрғылт күз келіп алмастырды.
Қылышын сүйреткен қыс мезгілімен де қауышар күн алыс емес. «Кәрі құда» қатал мінез көрсеткенде жағдайдың қалай өрбитінін ешкім болжай алмайтыны түсінікті. Оның қаһарына төтеп беру әрине, жан-жақты дайындықты талап етеді. Жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелер қыстың қамын жазда ойластырды ма? Міне, осы мәселелерді біз тақырып нысанына алып, саралап көрдік.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Шынболат Мусиннің мәліметінше, аудан әкімдігінің 2021 жылдың 25 маусымдағы №135 «Аудан бойынша 2021-2022 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындау туралы» Қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес, аудандық штабтың құрамы, селолық, ауылдық округтер бойынша уәкілдер құрамы, аудандық бюджеттік мекемелердің, кәсіпорындар мен шаруашылықтардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындау іс-шарасы жасақталып бекітілді.
Жалпы аудан бойынша әлеуметтік сала нысандарының саны - 161. Оның ішінде: білім беру саласы бойынша 63 нысан, мәдениет саласы бойынша 49 нысан, селолық округтерде 19 нысан, денсаулық сақтау мекемесі бойынша 31 нысан және 1 орталық жылу қазаны бар.
Ауданның әлеуметтік сала нысандарының 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы маусымға дайындығын жүргізу мақсатында 146 650 390 теңге қаржы бөлініп, қажетті жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылып, мердігер мекемелер анықталып, келісімшарттар жасақталған.
«Көзбен көрген көп жайға қанықтырады» демекші, аудан әкімі Марат Мурзиев, орынбасары Болатбек Сисатов, аудандық мәслихат депутаты Талғат Жұмалиев бөлім басшыларымен Қиғаш, Дыңғызыл, Шортанбай, Көптоғай, Байда, Мақаш ауылдық округтерін аралап, жай-күйімен танысты. Округтердегі әлеуметтік нысандардың қысқа дайындық жұмыстары қадағаланып, жауапты тұлғаларға барлық объектілерді дайындау жұмысын аяқтауды бақылауда ұстау, межеленген міндеттерді тиянақты әрі уақтылы орындау тапсырылды.
Байқағанымыздай, жылыту маусымына дайындық жіті назарда. Аудан бойынша әлеуметтік нысандар қылышын сүйретер қыстың құрсауынан қаймықпайтындай дәрежеде. Алайда, кейбір қажеттіліктер толықтырылса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Атап айтсақ, Шортанбай, Теңіз, Көптоғай, Еңбекші ауылдық округі әкімі аппараты мекемесіне жетіспейтін жылыту құралдары баршылық. Ал, ауа-райының қолайсыздығы кезінде терезелерінен жел кіріп, ішке топырақ үрлейтін Асан, Орлы, Мақаш, Байда ауылдық округі әкімі аппараты мекемелері жөндеу жұмыстарын жүргізуге сұранып-ақ тұр. Сондай-ақ, Кудряшов ауылындағы спорт зал ғимараты, Құрманғазы ауылындағы Х.Испуллаев және Ә.Жангелдин көшесіндегі жылу құбырлары да жөндеу жұмыстарына зәру.
Қыс – салғырттық пен қателікті кешірмейтін қатал сыншы. Халқымыз «Қыстың көзі қырауда» дейді. Қалай болғанда да, кім-кім де алдағы қытымыр кезеңге сақадай-сай болғаны абзалырақ.
Еркеназ Қалижан