Ауданда қыс кезеңіңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қыс–2022» республикалық командалы-штабтық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты қыс мезгілінде орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алу, азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерінің дайындығын тексеруді көздейді.
Шара Құрманғазы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімі ғимараты алдында саптық байқаумен басталды. Оқу-жаттығуға жұмылдырылған 14 аудандық азаматтық қорғау қызметінің 27 техникасы мен 136 жеке құрамның дайындығы мен құрал-жабдықтары тексерілді.
Республлика көлемінде өткізіліп жатқан «Қыс-2022» командалы-штабтық оқу-жаттығу бойынша жұмылдырылған күштердің дайындығымен танысқан аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов орын алуы ықтимал төтенше жағдайларға дайын болуы мақсатында өткізілген жиынға ерекше мән берілуі қажеттігін қаперге берді. Аудандық төтенше жағдай бөлімінің басшысы А.Ахбалин толық емес құраммен, жеткіліксіз құрал-жабдықпен келген қызметтерге ескерту жасады.
Оқу-жаттығудың екінші бөлімінде қалың қардың кесірінен жол-көлік оқиғасына тап болғандарды құтқару әрекеттері, боранда жол бойында бұзылып қалған автобустың жолаушыларын қауіпсіз әрі жылы жерге жеткізу шаралары пысықталды.
Айбек ӘНУАРҰЛЫ