Ауданда күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып қысқы маусымда кездесетін төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін даярлау мақсатында «Қыс–2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілді.
Жиын аудандық №7 өрт сөндіру ғимараты алдында апаттық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құрылымдары құрамдары мен құрал-жабдықтарын дайындыққа келтіру және тексеру бойынша сапқа тұрғызумен басталды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Талғат Сансызбаев аудан әкімі Қайрат Нұртаевқа оқу-жаттығуға дайындық туралы рапорт бергеннен соң саптағы өрт сөндіру және полиция бөлімдерінің, жедел медициналық көмек көрсету, газ, су құбырлары, электр желісі, байланыс жүйесі, автокөлік жолдары техникалық апатты жою топтарының құрамы мен қажетті құрал-саймандары тексеріліп, атқаратын жұмыстары пысықталды. Қысқы кезеңдегі апаттар және төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккендерге дер шағында көмек көрсетуге жұмылдырылатын техникалардың жарамдылығына назар аударылды.
Сондай-ақ, «Боран» дабылы бойынша қыс мезгілінде жол-көлік оқиғасына тап болғандарды құтқару тактикалық арнайы оқу-жаттығуы ұйымдастырылды. Құтқару қызметінің жедел іс-қимылының нәтижесінде қарлы тайғақ жолда соқтығысқан автокөліктердің жүргізушілері апат орнынан дереу шығарылып, жедел жәрдем қызметіне табысталды. Жолда тұрып қалған көліктердің жолаушыларының да суыққа шалынбауларының алды алынып, қазіргі эпидемиялық жағдайға байланысты дене қызулары тексеріліп, жасақталған жылы орынға жеткізілді. Айта кету керек, төтенше жағдай қызметкерлері бұл тапсымаларды белгіленген уақыт ішінде ойдағыдай орындап шықты.
Соңында аудан әкімі Қ.Нұртаев аудандық №7 өрт сөндіру ғимаратында болып, материалдық-техникалық базасымен танысты.
А.НӘЖІМОВ