Қыршын кеткен Қадірбек

(1 Vote)

Жұмекен ауылының тұрғыны болған Қадірбек Өмірбаев Ауғанстан соғысына алғашқы болып кіргендердің және «Қызыл Жұлдыз» (қаза тапқаннан кейін) берілгендердің бірі.

«Ауған соғысындағы Атыраулық жауынгерлер шежіресі» кітабындағы қаруласы болған Марат Сейітовтың естелігі былай оқылады. «Бізге 9-шы ротаның аға лейтенанты Морозов окоп қазатын жерлерді бөліп берген еді. Сол окоп қазу кезінде Қадірбекпен кездестім. Қадірбек окоптың сол жағында тұратын. Ашық, өте сабырлы, темекісін асықпай тұтатып алып ауылдағы ағасы, анасын сағынышпен еске алатын. Сүйген қызың бар ма?-дегенге үнсіз күлімсіреп,кейін айтамын,-деп жымиятын бала мінезді жігіт еді». Міне, Марат біз мектептен білетін Қадірбектің (біз Ғаділбек дейтінбіз) портретін беріп отыр. Әрі қарай оқиық. «Екеуміз жиі кездесіп, бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Әр жорықтан келген сайын бір-біріміздің амандығымызды білуге асығатын тілекші болдық.

1980 жылғы сәуір айының ортасы. Дабыл қағылып, Тиринкот қаласына аттанатынымыз айтылды. Таңда Қадірбек келіп, «келесі кездескенше», -деп мені қатты құшақтап тұрып алды. Көңілі бір жамандықты сезді ме екен... Сосын, темекісінің бітіп қалғанын айтты. Мен патрон салған қорапшаны босатып, ішіне толтырып темекі салып бердім. Бұл менің Қадірбектісоңғы көруім екен...

9-шы взвод «қауіпті жерлерден» жақсы өтіп кетті. Біздің взвод сол «қауіпті жерлерден кідіріп қалды, атыс басталып кетті. БТР-дың жүргізушісінің тамағынан оқ тиді және 3 солдат жараланды. Оларды тікұшаққа отырғызып госпиталбға жібердік. Сол кезде рациадан Тиринкотте атыс басталды, -деп хабар таратылып жатты. Біз бұл жерге, 1 капитан, 3-солдатымыздан айырылып және БТР-мыз минаға түсіп, әйтеуір қараңғылық түсе жетіп, қала сыртындағы алаңға жиналдық. 9-шы ротаның аға сержанты, лейтенант Морозовпен бірге 15 жауынгердің қаза болғанын хабарлады. Сонымен бірге бұл шайқаста Өмірбаев Қадірбектың де қаза болғанын естіп, қатты қапаландым.

Сержант: Благодаря Умирбаеву остались живы солдаты. Он бросив гранату за дувал, погиб сам, но спас жизни остальных солдат. Он был настоящим героем», дегенде кеудемді мақтаныш пен қайғы кернеп кетті. Сержанттың айтуынша Қадірбектің екі жерінен оқ тиіп, жараланған. «Жат, жат»,-деген бұйрықты тыңдамай оқ жауып тұрған қамалға гранат лақтырып, 3-ші рет оққа түскен. Осы гранатаның арқасында оқты боратып жатқан жаудың үні өшіп, қалған жауынгерлер аман қалған».

Қадірбектің өз жарақатына қарамастан көптеген солдаттың өмірін сақтап қалған көзсіз ерлігі соғыс ардагерлерінің жүрегінде сақтаулы. 1979 жылдың желтоқсан айында соғысқа кірген Қадірбек 1980 жылдың 26 сәуірінде 20 жасында қыршыннан қиылды. Қ.Өмірбаевтың ерлік рухын асқақтатып есім –тегін үстемелеген бір жайт тарихқа айналды. Кейіннен қырғыз жігіті Әли ауылымызға келіп, оның анасы Нұрғаным әжейге сәлем беріп, бейітіне тәу етті. Қ.Өмірбаев атындағы ауылымызда көше беріліп (1989 ж), мектептен бұрын ашылған. Енді сыныптастары, жерлестері жиналып, ескерткіш белгі қойса деген ой келеді.

Мұқан Долайұлы,

Жұмекен ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT