Аспан шайдай ашық. Ертеңгілікте аудан орталығынан қозғалып кеткен көлігіміз Қошалаққа қарай бет алып келеді.
Алдыңғы екі-үш күн қатарынан соққан жел жол бойының кейбір тұстарын құммен көміп тастаған, бірақ айтарлықтай ауыр емес.
Машина руліндегі Құрманғазы атындағы кооперативтің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Сұлтанов Сабыржан Қыдырсиықұлы әңгімесін ауыл тарихын түгендеуден бастап, негізгі жұмысымыздың «Ноғайбай», «Бияш терек», «Лаубай», тағы басқа да шежірелі аймақтар басына терек отырғызу екенін айтты. Біраздан соң әңгімеміз биылғы мал төлдету науқанының барысы жайына ойысты. Оны жақында ғана кооператив басшысының орынбасарлығына тағайындалған Нұркен Шайхиев атты ініміз баяндап келеді.
- Биыл қыс өте жайлы болды, жерге қар түсіп жарымады десе де болады. Бірақ, табиғаттың бұл рахымшылығына сенім артып, арқаны кеңге жайып отырғанымыз жоқ. Қыстақ басына қажетті жем-шөпті ашық-жарықта жеткізіп алған болатынбыз. Бағымдағы қойымызды жайып семіртіп, төлдету науқанына тиянақты қам жасалынды. Әрбір отарға сахманшылар жіберіліп, олардың жататын орны, жұмыс киімдері, тамақтары бәрі-бәрі де өз дәрежесінде шешілді. Бос уақыттарында теледидар көріп, баспасөздермен танысады. Шопандардың үйінде күн батареялары қойылған, монша үйлері де бар, - деген оның сөзін Сабыржан да қостап қояды.
Түс ауа «Сәрсен терек» учаскесіндегі аға шопан Аманжол Сартаевтың жаздық жайлауына келіп жеттік. Орта бойлы, шағын денелі, жылы жүзді азаматпен аман-саулық сұрасып болған соң шаруа жайында аз-кем сөзге тарттым.
- Отарда 714 аналық бар, негізінен түстері қызғылт келетін асыл тұқымды қойлар. Бұлардың ерекшелігі тез ет алып, қоң жинайды, төл берулері де жақсы, жыл сайын көздеген межемізден шығып жүрміз, биыл да нәтижеміз жаман емес, - деген аға шопан қасындағы қолқабысын тигізіп жүргендермен таныстырды.
Мағжан, Аманжан атты екі ұлы, зайыбы Сара сенімді көмекшілері екен, қауырт науқан кезінде бел шешпей еңбек етіп жатырғандары байқалып тұр. Айналасы ұзын жыңғылдармен қоршалған қора ішінде кішкентай қошақандар асыр салып жүр. Жазғы орынға салынған тұрағы да тұрғын үйден кем емес, бөлмелері кең, ортасында пеші бар, электр жарығы күн көзінен қуат жинайтын станса арқылы беріледі.
Келесі бағытымыз «Бияш терек» қыстағы. Бұл мекен ежелден шежірелі жер. Сонау ХVII ғасырда Бияш деген ауқатты адам осы маңда тұрып, мыңғыртып мал өсіріп, қыр өңірі адамдарының шаруасын ұйымдастырып, қамқорлаған екен. Қонысын айналдыра терек егіп, жазда қоңыр салқын көлеңке, қыста ықтын ретінде пайдаланыпты. Кеңестік кезеңде бұл жерде обаға қарсы күрес стансасы орналасып, кейіннен Киров атындағы кеңшардың малшылары қоныстанды. 1977 жылдан бастап Құрманғазы атындағы кеңшардың №2 фермасының орталығы болды. Мұнда дәрігерлік пункт, азық-түлік дүкені, қызыл отау үйі жұмыс жасады. Қазір «Бияш теректі» айтулы малбегі болған Қисымет Молдағалиевтың өнегелі дәстүрін жалғастырған балалары Нариман, Адемғали жайлап отыр. Ағайынды шопан жігіттердің отбасы мүшелері, оның ішінде оқушы балалары, науқанға көмектесуге келген ағайын-туыс, кооперативтің механизаторлары бар қауырт қызмет үстінде екен. Әрқайсысының бөлініп берілген міндеттері бар, бірі қоздағанын, бірі әлі тумағандарын бөлек-бөлек бағады. Қора басында да қарбалас тірлік, бос жүрген жанды көрмейсің. Мұнда 840 тұсақ бағылып, күтілуде.
«Майшағыл» учаскесіндегі есімі ауданға әйгілі шопан, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Серік Тәженовтың отарына жақындағанда биік төбе басында тұрған «Газель» автокөлігін көзіміз шалды. Сапарласым Сабыржан «Бұл дәуде болса Серіктің өзі шығар, қойлы ауылдың қызыл қырман шағында тыным көрмейтін әдеті ғой. Өте еңбекқор жігіт, өзі бас-көз болмаса көңілі көншімейді» деп қой өрісін алыстан бақылап тұрған шопанға қарай жүрді. Айтса айтқандай күнге тотыққан ақ сары жүзді Серік ініміз бізді жылышырай қарсы алып, ауылына бастады. Жолшыбай қора-жайларына көз салып өттім, бәрі де мұнтаздай таза, артық тұрған бір нәрсені көрмейсің. Ашық қора толы қозылардың маңыраған дауысы дала мелодиясы сияқты, құдды бір еңбек күйін шертіп тұрғандай. Серіктің отарындағы 750-ге тарта аналықтың қазіргі уақтта дені қоздап үлгеріпті. «Бірауық қозыларды қораға алып қалып, аналық қойлардың емін-еркін жайылуына жағдай жасаймыз, әйтпесе қошақандар әлсін-әлсін емуге ниеттеніп анасының мазасын ала береді» деген Серік ұзақ жылғы шопандық кәсібінде көп нәрсені ойына түйгендігін аңғартып.
Серікпен көршілес Анатолий Досмұхановтың ауылында да шаруа қамымен жүрген малшылар қауымын кезіктірдік. Бұл жерде 400-ден астам ешкі өсірілуде. Шыны керек, бұл түлікті өсіру біздің ауданымызда осы шаруашылықта ғана қолға алынған. Бастама қолдауға тұрарлық.
- Әрине, ешкі малын бағып-күтудің өзіндік ерекшілігі бар, өте кірпияз келеді, азығы сапалы және ұстайтын орны таза әрі жылы болуы қажет. Қойдай жайбасар, момын емес, өріске шығарғанда асқан қырағылық керек, көз жазып қалсаң қапелімде таптыруы қиынға соғады. Бұрын қоймен бірге жүргенде білінбейді екен, бөлектеп баққанда біраз ит-сілікпемізді шығарды, - деген шаруагер жігіт төл алудың жақсы жүріп жатқанын жеткізді, сөзінің дәлеліне асыр сала жүгірген тентек лақтарды нұсқап.
Сөздің басында айтқанымыздай, қай отарда болмайық шаруашылық басшысы Сабыржан Сұлтанов өзі бас болып жүріп тал шыбықтарды еккенінің куәсі болдым. Балаларға бидонмен құдықтан су алдырып, топырағы құнарлы деген жерлерге 20-30-дап шыбықтар қадады. Аға шопандарға сыртқы қоршауын жүргізіп, уақтылы суғарылып отырылуын қадағалауды тапсырды.
Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ғибратты сөз бар, бұл жерде оны сәл өзгертіңкіреп атадан мыңғыраған мал да, жайқалған тал да қалсын дегіміз келеді. Кім білген, әр шопанның үйінің маңы кезіндегі Бияш бабамыздың терегіндей шағын тоғайға айналса деген аңсары арман ой түбінде қылаң береді.
Жұмақай ҒҰМАРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі