Қыр астында «кәрі құдаң» тұр

(0 Votes)

Жаймашуақ жаз артта қалып, күздің соңғы айына қадам бастық. Ұлы Абай «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай», деп айтқандай қараша айы жайлы басталды.

Біз мектепте оқып жүргенде, 7 қарашада қазан төңкерісіне кезекті жыл толуына орай көшеде шеру болатын. Сонда күн суытып, қар қылаулап тұрды. Шеруден шыққаннан кейін қарасақ, Шора өзенінің жағасына жартылай мұз қатып қалғаны әлі есімде.

Қазір қарашада мұз қатпайды, салқындық түнде ғана болып жүр. Былтыр қыс қыспаққа алған жоқ. Жүзі жадырап тұрды. Алайда, аспанда қыстамайтын «кәрі құданы» тосын мінез көрсетпейді деп сене қою қиын. Сықырлаған сары аяз беттен шымшып, үскірік жел қойын-қонышыңды шарлағанда үйге жетуге асығарыңыз анық. Сондайда үйіңіз сыртпен бірдей болып тұрса көңіл-күйіңіз бірден түсері анық. Оны жылыту үшін ештеңе істей алмасаңыз, үйде балалар болса, жылу жүйесі автономды түрде емес, орталыққа қараса бар ашуыңызды жауапты мекемеге төгесіз. Жақында «Телеграмм» әлеуметтік желісінде көп пәтерлі үйлердің тұрғындары жылу неге берілмей жатқанын сұрап жазғаны есімізде. Бір жағынан осы жайт, екіншіден аудан әкімдігімен бірлескен жоспарымызда қысқа дайындықты жазу қаралғандықтан бұл тақырыпты қозғауды жөн көрдік. Жаз бойы қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргенін бұған дейін жазғанбыз. Жалпы, біз қысты қарсылауға әзірміз бе?

– Әрине, қысқа немқұрайлы қарауға болмайды, тиісті қаржы бөлінді, -дейді аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Әжіғалиев – 2020 жылдың 24 маусымында аудан әкімінің №154 «Аудан бойынша 2020-2021 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындық туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес аудандық штабтың, ауылдық округтер бойынша уәкілдер құрамы, аудандық бюджеттік мекемелерді, кәсіпорындар мен шаруашылықтарды күзгі-қысқы кезеңге дайындау іс-шарасы жасақталып бекітілді. Жалпы ауданымыз бойынша 161 әлеуметтік сала нысандары бар. Оның 61-і білім, 49-ы мәдениет, 31-і денсаулық сақтау салаларына, 19-ы ауылдық округтерге қарасты. Құрманғазы ауылдық округінде 1 орталық жылыту қазаны жұмыс жасап тұр. Ауданның әлеуметтік сала нысандарына 2020-2021 жылдардың күзгі-қысқы маусымына 134 340 000 теңге қаржы бөлініп, қажетті дайындықтар жасалуда. Бөлім басшысының айтуынша білім саласының 27 нысанына 91 386 000 теңге бөлініп, мекемелермен келісімшарттар жасалып, бұл жұмыстар жалғасын табуда. Сол сияқты мәдениет саласының 9 нысанына да 14 894 900 теңге қаралған екен. Бұл бағытта да жоспарлы жөндеулер жалғасуда. Ауылдық округ әкімі аппараты бойынша 10 нысанға 28 306 500 теңге бөлініп, қазіргі таңда жұмыстар жасалуда. Ауданымызда 1 қазаннан бастап білім беру, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне, денсаулық сақтау мекемесі мен әлеуметтік сала нысандарына жылу берілген. Жалпы ауданымызда көппәтерлі 67 үй болғанымен, оның ішінен 14-і ғана орталықтан жылытылады. Олар жылуды қалыптасқан дәстүрге сай 15-ші қазаннан ала бастаған. Қалған 53 үйдің жылыту қазандары бөлек,автономды түрде істейді. Бізді Азғыр өңіріндегі нысандардың қысқа дайындығы қызықтырды. Олар бұрынғыша мазут жағып отыр ма?

– Азғыр өңіріндегі әлеуметтік сала нысандарын табиғи газ желісіне қосу шешімін тапты. Оларды монтаждау жұмыстар аяқталып, техникалық шарттары алынып, табиғи газбен жылытылуда, - деді аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Әжіғалиев. Осылайша тосын сыйы көп қысты қарсылауға дайындық барысына қанығып, көңіліміз жайланды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT