Қылмыспен күресті күшейту қажет

(0 Votes)

Бүгін облыс әкімдігінде Атырау облысы жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бейнеселекторлық кезектен тыс отырысы өтті.

Оны комиссия төрағасы, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев жүргізді. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Олар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қылмыстық процесті, әкімшілік өндірістерді электронды форматта жүргізу жағдайы және Қазақстан Республикасы құқық бұзушылық профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес көзделген индикаторларға қол жеткізу мақсатында атқарылған жұмыстардың барысы. Осыған орай Атырау облысы прокурорының орынбасары мен облыстық полиция департаментінің бастығы хабарлама жасады.

Хабарламалар тыңдалып, комиссия мүшелері тарапынан сұрақтар қойылғаннан кейін облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы: – Тағы бір көңіл аударатын мәселе қылмыстық істердің электронды форматта ашылып, артынша қағаз форматқа ауыстырылуы. Оны жабу немесе басқаша бұрмалап кету керек болғанда қағазға салады да адами фактормен жауып тастайды немесе өзге бағытта кетеді. Не себепті электронды түрде жүргізіліп келе жатқан қылмыстық іс қағазға ауыстырылады? 168 істің де қағазға ауыстырылу қаупі барын жаңа естідік. «Цифрлық Қазақстан» Мемлекет басшысының бақылауында тұрған бағдарлама. Оның орындалысын қамтамасыз етуге тиіспіз. Бірде-бір іс электронды форматта жүрмейді. Қашан жолға қоясыздар? Жаңа прокруратура өкілінің айтуынша Ақтөбе облысында ішкі істер органдарын қажетті құралдармен қамту 30 пайыз. Ал, Ақмолада 5 пайыз. Бізде 75 пайыз болса да неге қылмыстың ашылуы жағынан 16-шы орындамыз? Қазір құқық бұзушылық болса «Полиция қайда? Әкімдік қайда қарап отыр?», дейді. Қажетті қаражат бөлініп, ұйымдастыру жұмыстары жасаудан кенде емеспіз. Сөйте тұра Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған тапсырмасы орындалмауда. Үлкен-үлкен жиналыстарда айтып жүрмін, тағы да қайталаймын, статистикалық дерек деген тек абсолютті сандар ғана емес – бұл жасалған жұмысқа сараптама. Бүгін жиналып отырған мақсатымыз да соны есту. Мұнда төбе көрсетіп кетуге жиналмадық. Республикада ең соңғы жағында келе жатырмыз. Соны жақсарту үшін не істеуіміз керек? Ешкім бізді апарып алдыңғы қатарға салмайды. Жұмысымызды өзіміз көрсетуіміз қажет. Егер полицейлер жаңаша жұмыс істей білмесе үйретейік. Біз бүкіл компьютерлеріңізді, принтерлеріңізді, планшеттеріңізді әпердік. Жағдай қашан реттеледі? Қазір қалаға, Құлсарыға, аудандардағы адам көп жиналатын жерлерге камера орнатып жатырмыз. Аудан әкімдерінен полиция қызметкерлерімен, сол жердегі өкілдерімен осы мәселені жеке талқылауды сұраймын, жүзеге асуын қамтамасыз етіңіздер. Әрбір жол-патрульдік полициясына жетон алып бердік, көлікпен қамтамасыз еттік. Біраз мәселе шешілді. Енді жол қозғалысы ережесін бұзушыларды қатаң жазалау қажет. Талап біреу ол – өзімізге жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындау. Артық ештеңе сұрап жатқанымыз жоқ, - дей келе құзырлы органдарға қалада және аудандарда заңсыз түсті металл қабылдаушылармен айналысуды тапсырды.

Қ.ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT