Соңғы жылдары жастарымыз алтын уақытын сыбай-сылтаң жүріспен өткізбей, салауатты өмір салтын ұстауға бет бұрғаны көңіл қуантады. Соның бір көрінісі ретінде өткен аптада Кресті ауылының азаматтарының ұйымдастыруымен Ю.Гагарин жалпы орта мектебінің спорт залында өткен «Туған жерге туыңды тік» тақырыбындағы волейболдан ашық турнирді айтуға болады.
Ауыл жастарын ауызбірлікке, ұйымшылдаққа үндеп, олардың арасында спортқа деген қызығушылықты арттыратын мұндай жарыстардың қоғам өмірі үшін маңызы зор. Сол себепті кейінгі буынның мұндай бетбұрысы әрдайым қолдау табуда. «Жақсының жақсылығын айт» демей ме, 8 команда қатысқан волейбол турниріне Е.Нұғыманов, С.Алжанов, Р.Жұбанғалиев, Қ.Махаев сынды жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көрсетіп, мұндай ізгі шаралардан іргесін алысқа салмайтынын, елім деген азаматтар екенін игі істерімен дәлелдеді.
Жас спортшылардың қанын қыздырып, жеңіске деген жігерін қияға шарықтатқан аталған жарыстың ашылу салтанатында спорт ардагері М.Ниғыметов, Б.Қисыметов, «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Н.Дәрелов сөйлеп, қатысушыларға ұйымшылдықтарыңыз берік, турнирде сәттілік серік болсын деген ізгі тілектерін жеткізді. Ойын тартысты, жақсы өтті.
Қатысушы командалар шеберліктері мен дайындықтарын көрсетіп, жеңіс жолында аянып қалмады. Төгілген тер текке кетпей, жемісін сыйлап, тәжірибелі, тісқаққан Ардагерлер командасы жүлделі І орынды қанжығаға байлады. Ұпай санымен оларды өкшелеп, ат құйрығын тістескен 1996-1997 жылғы жастар командасы ІІ орынды еншіледі. ІІІ орын Жастардан құралған командаға бұйырды. Жеке шеберлігімен көзге түскен ойыншылар да марапатсыз қалмады.
Жақсы ойын өрнегін көрсеткен Марат Ниғыметов, Болат Ерғалиев сынды ардагер ағаларымыз бен бір топ жастар түрлі аталымдар бойынша ұлығыланды. Жеңімпаздарға дипломдар, кубоктар, медалдар мен сертификаттар табысталды. Алға қарай осындай жарыстар спорттың басқа түрлерінен де ұйымдастырылатын болады.
Нұрдәулет Таңатарұлы