Кең байтақ жері бар елімізде ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту мәселесі өте өзекті. Жайлауды малға, төскейді төлге толтыратын кешенді шаралардың бір тармағы – ветеринария ісінің жұмысы соңғы жылдары жүйелі қолға алынуда.
Оның бір дәлелі – ауданымызға қарасты Азғыр өңіріндегі зоналдық ветеринария зертхана тұрғындардың өтініші бойынша қайтадан ашылды. Аймақ басшысы шалғайдағы аймаққа сапары барысында Балқұдықтағы зоналдық ветеринарлық зертхананың жұмысын арнайы барып көрді. Аталған мекеме биыл тамыз айында қайтадан іске қосылған. Адам мен жануардың жұқпалы ауруларын анықтау үшін серологиялық әдіспен диагностикалық зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Әсіресе, төрт түлік мал арасында кездесетін аса қауіпті жұқпалы бруцеллез, құтыру және басқа да ауру түрлерін анықтап, алдын алуда бұл нысанның тигізер әсері зор.
Зертханада 10 ветеринарлық маман қызмет етуде. Ғимарат 2003 жылы салынған. 2019 жылы «Сынама қабылдау пункті» болып ашылды. Аймақ басшысы Серік Шәпкеновпен кездесу барысында мамандар қызметтік көлікпен, ғимаратты көгілдір отынмен қамту, жаңа нысанға көшіру сынды проблемалық мәселелерін қозғады.
Айнагүл Шакупова