«Валентин күнінің» қазаққа керегі қанша?

(0 Votes)

Әулие Валентинге қатысты бірнеше аңыз бар.

Солардың бірінде, христиан дінінің алғашқы тараған жылдарындағы Валентин есімді католик шіркеуінің қызметкері туралы жазылады. Ол Рим императоры Клавдий II тұсында өмір сүрген. Сол уақытта жас жігіттер әскерге бармау үшін ерте үйленетін болған. Бұндай қулықтың алдын алу үшін Клавдий II әскерге бармай тұрып отбасын құруға тыйым салады. Валентин болса жастарды құпия түрде некелестіріп отырған. Мұны император біліп қалып, 14 ақпан күні басы шабылады. Кейінірек, 469 жылы Римнің тағы бір Геласиус деген императоры оның өлген күнін «Әулие Валентин күні» деп жариялады. Екінші аңыздың баяндауынша Валентин деген дін қызметкері христиандарға көмектескені үшін түрмеге қамалған, осында жатып түрме қызметкеріне ғашық болған. Бұл да өлім жазасына кесілген. Үшінші аңызда Валентин деген шіркеу қызметшісі қызға өз сезімін білдіре алмайды. Сосын оған жүрек тәрізді хаттар жолдаған. Кейін оның ісі әшкерленіп, жазаланады.

Көптеген тарихшылар 14 ақпанды Әулие Валентинге емес, ежелгі римдіктердің Фавна құдайдының құрметіне арналған дейді. Луперкалияның ежелгі пұтқа табынатын орнына таңдалған күн деп есептейді. Сондай-ақ, бұл күн қаланың негізін салушылар Ромул мен Реманың құрметіне атап өтілген. Мерекелік іс-шара кезінде ешкі мен иттерді құрбандыққа шалған. Ерлер шешініп жануардың терісімен қала тұрғындарын, әсіресе әйелдерді үркіткен. Олар оны бата деп есептеген. Содан кейін әйелдердің аты-жөні жазылған түбіртектер арнайы ыдысқа салынып отырған. Жігіттер осы себеппен өзінің жұбын тауып, соңынан үйленетіп те жатқан. Қыз ыдысқа салынған түбіртекті суырған жігітке күйеуге шығуға міндетті болған, әйтпесе жазаға тартылған. Оның өзінің таңдауы ескерілмеген.

Ертеректе ата-бабаларымыз бір-біріне деген сезімін, қарым-қатынасын мұндай жария түрде баяндамаған. Қыз бен жігіттің арасында жеңгелері өнегелі ұлттың ұрпағына сай қылық танытып, жігіттің ойын еркесіне жеткізген. Сонымен қатар, қайын сіңлісіне кез-келгеннің сұқтануына жол бермей, текті атаның балаларына, ақылына талай ел тәнті болған ер азаматпен көңіл қосуға кеңес берген. Жастар некелерін қиғанға дейін жиі кездеспей, жеңгелерінің көмегімен, кестелі орамал арқылы жұмбақтап сырласқан. Біздер, тәуелсіздігі мен ой еркіндігі үшін күрескен талай жігіттер мен қыздардың ұрпағымыз ғой. Ата-бабаларымыз ешқандай Валентин күнісіз-ақ танысып, отау құрып, бала тәрбиелеген. Ендеше қазаққа «Валентин күнінің» қажеті қанша?

Бұл туралы белгілі ақын, «Мәдениет» журналының редакторы Мырзан Кенжебай ағамыз:«Валентин күні» бойынша сол күні, сол түні ер балалар мен қыздар ойына келгенін істеуіне болады деген қағида Қазақстанда емін-еркін сайран салады. Базарлар мен көшелерде гүл, қағаздан жасалған жүрек саудасы қазандай қайнайды. Бірін-бірі құттықтап, құшақтасып, көшенің қақ ортасында ерінге-ерін жабысып сүйісіп тұрған қазақтың ұл-қыздары. Оны айтасыз-ау, қазақтың жасы егде тартқан еркектері мен қатын-қалаштары бірін-бірі жаңа көргендей қауқылдасып, құттықтап жатқанын көргенде неткен санасыз, намыссыз едік деп жаның жабырқайды. Бұл түні талай-талай үріп ауызға салғандай әлі шіп-шикі қыздарымыз бен ұлдарымыз төсектес болып жататынын да жасыра алмаймыз. Жоғарыдағы «европизированный», «глобализованный», «цивилизованный боламыз» деп ұрандатып жүретін «горлопан», бержақтағы соларға ерген итаршы «крикундарды» қойшы, сол қыздар мен ұлдардың ата-аналары қайда қарап отыр десейші. Әлде 26 жыл ішінде бүкіл қазақ ұлтсыздандыру саясатының құрбанына айналды ма?» - деп алаңдаушылығын білдіреді.

Қазір қыздарымыз мектеп қабырғасында жүріп-ақ жүкті болып қалып жатыр.14-15 жасқа енді толған, өтпелі кезеңді бастан өткеріп жатқан жас қыз «ғашықпын», - деген сөзге селт ете қалатыны айдан анық. Арты не боларын ойламайды. Шыны керек бүгінгі жастар батыстық салт-дәстүрге еліктеп ата-анасының да сөзін құлағына іле бермейді. Оның үстіне әлеуметтік желі кеңінен таралған заманда оларды түгелдей бақылуда ұстау мүмкін емес. «Әркімнің санасына байланысты», десек те жас қыздарды опық жеуден сақтандыру бәріміздің азаматтық борышымыз. Себебі олар әлі де оңы мен солын дұрыс айыра алмайды. Қыз, ол ұлттың анасы. Ұлтты құртқысы келгендер әуелі қыздарын, болашақ аналарды аздырудан бастайды. Ал, «Валентин күні» соған себепші болуы мүмкін. Әрине, оны тойлау-тойламау әркімнің өз еркі. Бірақ, мектептерде бұл мерекенің кәмелетке толмағандар үшін қатысы жоғы түсіндірілгені дұрыс деп есептейміз.

Ақпарат көздерінен әзірлеген Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT