Атырау облысында өтіп жатқан "Екпе ал да, ақшалай сыйлыққа ие бол!" акциясының мақсаты - халыққа вакцинаның маңыздылығын түсіндіріп, оны өз еркімен алуға ынталандыру.
Аталмыш науқан аясында "Саspian News" телеарнасында өткен кешегі тікелей эфирде құрманғазылық екі жерлесіміз басты сыйлық 3 000 000 теңгені ұтып алды.
Бүгін аудандық орталық аурухана директоры Гүлсара Мүтиева Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Айман Жармұхамбетоваға Атырау облысы Азаматтық Альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Әлібек Семғалиевтің қолы қойылған сертификатты арнайы барып тапсырды. Ұтыс иесінің айтуынша, ол 30 шілде күні емханаға барып, "Спутник-V" вакцинасының бірінші компонентін қабылдаған. Кешегі күні оған акцияның қаржылай сыйына ие болғандығы жөнінде хабар жеткен.
Акцияның екінші жеңімпазы Ақкөл ауылдық округінің тұрғыны, Ақкөл ауылдық дәрігерлік емханасының көлік жүргізушісі Насипулла Гарифов. Ол шілде айының 11 күні "Спутник-V" вакцинасының 1 компонентін қабылдаса, 29 шілде күні екінші компонентін салдырған. Ұтыс иегеріне сертификатты Ақкөл ауылдық емханасының дәрігері Әсел Қабдолова тапсырды.
А.Шакупова