Алдына биік мақсат қойған әрбір оқушының арманы оқуда озат шығып, үздіктер санатынан көріну екені сөзсіз.
Озық ойлы, білімге құштар бала он бір жылғы алған білімінің нәтижесін «Алтын белгі» иеленумен көрсетеді. Баланың мұндай жетістігі ата-ананың мерейін асырса, мектеп пен ұстазадына үлкен абырой әпереді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев биылғы жылғы «Алтын белгі» иегерлері Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектептің түлегі Сайлауова Ұлдана Нұрболатқызын, Н.Манаев атындағы жалпы орта мектеп түлегі Тұрсынова Гүлжайнар Өмірбайқызын, Д.Нұрпейісова атындағы жалпы ора мектептің түлегі Бисенова Нұрсая Жеңісбекқызын және ҰБТ-да 134 балл жинап, үздік көрсеткіш көрсеткен Шұғайып Мағжан Нұрлыбекұлын қабылдады.
Қабылдау барысында Нұрлыбек Ғаділханұлы биылғы жылы аудан бойынша 492 оқушы он бір жыл білім алған мектептерін тәмамдап, үлкен өмірге аяқ басқандарына тоқталды. Түлектердің 3-і «Алтын белгі» иеленсе, 29-ы «Үздік аттестат» иегерлері атанғанын, олардың арасында республикаға танылған Мағжан да барын атап өтті. Осындай білімді шәкірттердің толағай жетістігінде мектеп мұғалімдерінің де, ата-аналардың да зор үлесі барын қоса айтты. Түлектерге естелік хат пен бағалы сыйлық, жергілікті ақын-жазушылардың кітабын табыстап, алдағы қадамдарына ақ жол тіледі. Балалардың да ата-аналарына ризашылығын білдіріп, Алғыс хатымен құрметін білдірді.
Шараға арнайы шақырылған ауданға белгілі қаламгерлер Өмірзақ Қажымғалиұлы, Нұрлығайын Нұғыманұлы, Таңатар Дәрелұлы тілектерін көркем тілмен, кестелі сөзбен өріп, ақ баталарын берді. Ата-аналар атынан Жеңісбек Бисенов, ұстаздар қауымы атынан аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева ақжолтай сөздерін арнады.
Айбек ӘНУАРҰЛЫ