Атырауда облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың төрағалығымен «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын анықтау жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті.
Конкурстың бірінші кезеңі бойынша 15 мамыр мен 15 маусым аралығында өтінімдер қабылданып, барлығы 74 отбасыдан өтінім түсті. Қалалық және аудандық іріктеуде әр өңірден үздік деп танылған 2 отбасыдан, барлығы 16 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Аудандық конкурстан бас жүлде иеленген 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, 9 немере, 5 жиен сүйіп отырған ақкөлдік Зияпеден Утеповтың отбасы мен І орын алған ауыл шаруашылығы саласының ардагері, 2 ұл, 4 қыздың ата-анасы, мақаштық Утарбай Шайхымеденовтың отбасы облыстық кезеңде бақтарын сынаған болатын.
Комиссия отырысының қорытындысымен Құрманғазы ауданы, Ақкөл ауылдық округінен теміржолшылар династиясы атанған Утеповтер отбасы бас жүлдені иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алып, аймақ намысын қорғайды. Республикалық кезеңнің жеңімпазы 12 қыркүйек - Отбасы күні қарсаңында Астана қаласында өтетін салтанатты марапаттау рәсіміне қатысады.
-Утеповтер әулеті «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінің, одан соң облыстық кезеңінің жеңімпазы атанып, республикалық байқауға жолдама алды. Мәуелі бәйтеректей тамыры терең Утеповтер әулетінің республикада үздіктер қатарынан көрінуіне аудан халқы тілекші», – деді «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын аудандық деңгейде өткізуді ұйымдастыру жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Зәмзагүл Карсакова.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мақсаты — отбасы институтын нығайту, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау болып табылады.
Айнагүл Шакупова