Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы биылғы жылдың 11 наурызында коронавирус жұқпасын індет деп жариялады.
Ұйымның соңғы мәліметі бойынша бүгінде COVID-19 індетіне шалдыққандар әлем бойынша 6 057 853 адамға жетсе, оның 371 166-сы өмірден өткен. Індет әлі бәсеңсімей тұр. Қаншама рет айтылып, жазылып жатса да кейбір адамдар одан сақтану керектігіне мән бермеуде. Коронавирус қауіпсіз болса алпауыт мемлекеттер төтенше жағдай жариялап әбігерге түспес еді. Төменде осы дертке шалдығып, құдай қолдап сауығып шыққандардың пікірін келтіріп отырмыз. Олардың да кейбірі кезінде бұл індетке сенбей, немқұрайлы қарап ажал аузынан қалғандар. Мүмкін басқаларға сабақ болар.
Украинада коронавирус ең алғаш 29 ақпанда Александр Черновцовтан табылған. Ол ауру жұқтырған саяхатын ешқашан ұмытпайтынын айтады. Әйелі екеуі Румынияның Бергамо, Италияның Комо мен Милан қалаларын аралаған. Елге келгеннен соң бірнеше күн жұмысқа шықпаған. «28 ақпанда менде қызу көтеріле бастады. Алдымен әлсіздікті сезіндім. Мұны бір климаттан екіншісіне көшкенімнің әсері деп ойлап мән бермедім. Кешке қарай жағдайым нашарлап, қызу 37.9 градусқа жетті. Парацетамол ішіп көргем, түспеді. Сонда ғана әлдебір қауіптің жақындап келе жатырғанын сезіндім. Дереу «жедел жәрдем» шақыртып, Италиядан келгенімді айттым. Олар мені ауруханаға жеткізді.
Әйелім аурудан таза болып шықты. Алайда адамдар бізден қатты қорқып, құбыжық көргендей шошитын. Бәрі де өздерінің қауіпсіздігі үшін мазасызданатын. Бір жағынан мен оларды жақсы түсінемін. Сіз емі жоқ дертті жұқтырушы алыстағы Қытайда немесе Италияда емес, есігіңіздің алдында екенін білсеңіз қандай күйге түсер едіңіз? Әрине, оны жоюға тырысасыз. Сол себепті мен олардың әйеліме күдікпен қарап, ауыр сөздер айтқанына кешіріммен қараймын. Мен ауруханада 20 күн жаттым. Соның екі аптасы өте ауыр өтті. Бастапқыда біз қажетті дәрілердің 70 пайызын өз қаражатымызға сатып алдық. Бір аптадан кейін жағдай түзеліп, қажетті дәрі-дәрмектермен клиниканың өзі қамтамасыз ете бастады. Біздің өміріміз үшін күрескен дәрігерлер мен медперсоналға шексіз ризашылығымды білдіремін. Олармен достасып та кеттік. Мені ауруханадан шығарғанда олар жазылғаныма қуанып, көздеріне жас алды», - дейді Александр ВВС Украина порталына берген сұхбатында.
Қ.ҒҰМАРОВ