Иә, баланы қуантқаннан артық не бар, бұл өмірде?! Олардың жайнаған жүзін көріп, күміс күлкісін естіп, балалық шақтың бақытты күндерін алаңсыз кешіп жүргенін сезінудің өзі ғанибет. Баланы қуанту – әлемге шуақ шашумен тең, өйткені олар – өміріміздің жалғасы. Бұл жақсылықтар ерекше санаттағы мүмкіндігі шектеулі балаларға жасалса тіпті еселене түсері анық.
«Жақсылық жасау – жанға нұр құяды» дегендей, жақында осындай қайырымдылық қадамның, мейірбандылық харекеттің куәсі болғанымды айтқым келеді. Облыс орталығындағы «Атырау-Болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Голди Куинтин мырза компанияның есептен шығарылған, бірақ пайдалануға әлі жарамды компьютерлерін қаладағы «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық қорына өткізген екен.
Қордың жетекшісі Айгерім Жәрдемқызы менімен хабарласып, техникаларды мұқтаж жандарға табыстауға ұсыныс жасады. Қордан бөлінген 20 компьютерді ауылға әкеліп, 4 данасын өзім жұмыс жасайтын аудандық мүгедектер мен зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының мамандарының пайдалануына беріп, қалғанын біздің орталықтан әлеуметтік қызмет алатын, өз бетімен компьютерде жұмыс жасай білетін балаларға құрып бердім. Осы орайда сауабы мол іс қылған қордың жетекшісі Айгерім ханымға, оның жанына топтасқан жылы жүректі еріктілерге, техникаларды қаладан тегін жеткізген автокөлік жүргізушісі, Құрманғазы ауылының тұрғыны Асылбек Сахаевқа, бұл бастамамды қоштаған аудандық мүгедектер мен зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы ұжымына балалардың, олардың ата-аналарының және өзімнің атымнан үлкен ризашылығымды білдіремін.
Болат БИДОЛЛАЕВ,
аудандық мүгедектер мен зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының қызметкері