Ауылшаруашылығы мен ел экономикасын дамытуда сырттай көзге көп түспейтін, жиі байқала бермейтін, ал іштей терең үңілгенде ғана білінетін шопандардың еңбегі орасан зор. Бірақ, ішсе – сусын, жесе – тамақ, кисе – киім болар ұсақ жандықтың қадірін ұғына бермейміз.
Сондықтан оны бағуға ұмтылмаймыз. Өйткені, шүкіріміз аз. «Даяр асқа тік қасық қойғымыз-ақ» келеді. Бұл – «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы Жеңіс Әбілқайыровпен болған ұзақ жолдағы әңгімеміздің қысқа бөлігі.
Келешек ұрпақ қарапайым шопанның қиын да қызықты еңбегін жете біле бермейді. Бұл пікірді ойымызға түйіп, иен далада қой бағатын шопанның бір күндік өмірімен танысу үшін «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы Жеңіс Қалижанұлына хабарласып, Тышқанбай өңіріне малын жайған Қуантай Уахитұлының «Наурызғали» күздігіне аттандық. Бүгінде ауылшаруашылығы саласының кәнігі маманы қой өсіру бағытында қажырлы еңбек етіп келеді. Тәжірибесін жетілдіру мақсатында «осиминатор» мамандығын да игерген.
Аудан орталығынан сағат жарымдық жерде орналасқан мекенге жетіп, түсте қойын өрістен қайырған Қуантай Уахитұлымен хал сұрасып, саулық түгендеген соң, оның шопандық кәсібіндегі еңбегінің қыр-сырын білмекке сөзге тарттым. – Өткен жылдан бастап осы кооперативтің 450-ге жуық асыл тұқымды Еділбай қойын бағамын. Таңертең шығамыз, кешке келеміз. Үй жануарлары қайда болса, мен де сондамын. «Қойшы болу – қой соңынан салпақтап еріп жүру емес». Керісінше, мал басын 100 пайыз сақтау, оны бағым-күтімін келістіру. Бұл талапты мүдірместен орындап келемін,-дейді шопан. Айтуынша, малшыда 8 сағаттық демалыс деген болмайды, әйтпесе, алдыңдағы малыңнан айрыласың. – Түнде жоқ дегенде төрт рет ұйқыдан оянып,қора ішін аралап қараймын. Себебі, ұсақ жандықтың ауырып жатқаны бар ма, туу уақыты жақындағаны аман ба деген оймен ит дыбысын бағып, сергек демаламын. Алдыңдағы малды ғана емес, астыңдағы атыңды бақылауың керек. Әрі-бері шапқылаған жұмыс, ұры-қары, түз тағысы тағы бар.
Ежелден көшпелі қазақтың қыста қыстауға көшетінін білеміз. Десе де, Қуантай ағамыз әлі күнге күздік орынында отыр. Мұның себебін ол, былай түсіндірді. – Осы жерден қой төлдеген уақытта көшемін деген жоспарым бар. Наурыз айында жаңадан туған қозыларға жем-шөпті алыс мекеннен іздеп кетпес үшін, іргелес тұрған қыстағымдағы мал азығын сол күйі сақтап, күздігімде отыра тұруды шештім-,дейді шопан таяғын ұстаған біздің кейіпкеріміз.
Оған қоса, мамандығына деген айрықша іңкәрлігі қоса бар. Бұл кәсібіне дейін түрлі саланы байқап көрген оның, тіпті, Алматы облысы, Талдықорған қаласында Батыс өңірінің малын баптап, күйлі қылып өсірген шаруасы алға басыпты. Батыстық төрт-түлікке сұраныс көп болған екен. Себебі, каллориясы өте көп, пайдалы дәруменге толы дейді. Алайда, Қуантай Уахитұлы оңтүстік мекеннің емес, өз туған жеріне оралып, сонда жемісін берген шаруашылықты осында жандандыруға бекініпті. Сөйтіп жүріп, Жеңіс Қалижанұлымен жолы тоғысып, бүгінде нәтижелі көрсеткішке қол жеткізіп үлгерді. – Былтыр наурыз айында қуаңшылық бел алған шақта, жарты ай уақыт өрісте түнеп, қой бақтым. Өйткені, жерде шөп жоқ. Ал, қора мен жайылым арасына мал айдалса, борбайсоқтылықтың ақыры жаппай қырылуға әкелуі әбден мүмкін. Осының алдын алу үшін, өріске жайылған қойлар қай жерден шөп жесе, сол жерге мен де түнеп, қуаңшылықты аман еңсердік,-дейді Қуантай Хамзин. Осылайша 100 аналыққа шаққанда 92 қозы алған. Жүн өндіруден де межелі өнімін көріп жүр. Яғни, күзем, қозы жүн, жабағы қырқуларды өзінің ағайын-туыстарымен жүзеге асыруда. Ал, үстеме салмақ өндіруден әр қойдың өз төлі есебінен өскен қозыларының аталығын – 41-42 келі, аналығын – 39-40 келіге жеткізуді мақсат етеді. «Елексай», «Қисмет» өңіріндегі жайылым алқабына өрістеген қойларынан межелі 415 қозы күтілуде.
Сонымен қатар, Қуантай аға, қарауындағы қой малын қолдан ұрықтандыру жұмыстарына өзі бас болып «осиминатор» маман ретінде ат салысуда. – Батыс Қазақстан облысындағы «Бірлік» АҚ, «Атырау-Құрманғазы-Сүйіндік» АҚ-нан аталықтар алдырып, жергілікті аналықтармен қолдан ұрықтандыру бағытында мақаштық жаңа тип шығаруды көздеп отырмын,- деген оның алдағы үлкен мақсаты – малды асылдандыру бағытындағы ғылыми жұмыстарының басы ғана. – Қазір қойдың құйрық майын көп ешкім жей бермейді. Сондықтан, құйрығын көтеріп, ондағы май сүбеге қарай тартылатындай қылып дене бітімін өзгертуге жұмыстанып жатырмын. Екіншіден, нарыққа байланысты етіміз өтімді болса деген ойым бар.
Ел арасында танылған «мал бағудан басқа кәсіп жақсы да, шопан болу тек мехнат» деген пікірдің надан ауыздан шыққанына осы тұста көз жеткізесің. Қуантай Уахитұлының қажырлы еңбегін «Мақаш» өндірістік кооперативі басшылығы ескерусіз қалдырмады. Атырау облыстық «Қой шаруашылығын дамыту сала майталмандары» арасынан облыстық социалистік еңбек ері С.Дәулетқалиев атындағы жүлдеге ұсынылды. Кооператив, Мақаш округінің әкімі, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің атынан сан түрлі марапаттарды иемденді. ҚР Ауылшаруашылығы Министрлігінің ІІІ және ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісінің иесі.
Қуантай ағамен өткен дәмді диалогымыздың соңында қазіргі жастардың креслоға жантайып, жылы жерде жұмыстанғанды ұнатып, жалқау болып бара жатқандығына ренішін айтып қалды. – Жас буынды осы салаға ынталандыру үшін мемлекет тарапынан қойшыларға арнайы сыйақы, қаладан пәтер берілсе, зейнетақы қорына ай сайын көңіл тояр ақша салынса құба құп болар еді-дейді шопан.
Даласынан бөлектеніп алысқа ұзамайтын, ұзақ күнді қалың оймен қысқартатын, дауыл өтінде мал басының амандығы үшін маңдай терін сарп етіп, адалынан нәпақа тапқан Қуантай Уахитұлының ерен еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болса, қанеки.
Жайдарлым Қайреден