«Полиция қорғаның», деп айтқандай, құқы бұзылып, зардап шеккен адамдар алдымен тәртіп сақшыларына жүгінеді. Олардың күні-түні жүретін тынымсыз еңбектерінің арқасында құқық бұзушылар құрықталып, ұрланған нәрсе табылып, қылмыс ашылып, біреудің қалтасын қаққанды ұнататындар қолға түсіп, алаяқтар темір тордың арғы жағынан шығады. Бірақ, сол қылмыстарды ашуда қаншама еңбек, төгілген тер, ұйқысыз түндер жатқанын, кейде полиция қызметкерлері бастарын қауіп-қатерге тігетінін біздер біле бермейміз.
Тәртіп сақшысы болу – уақытпен санаса бермейтін, демалыс күні де қызметі жалғасатын жұмыс. Мысалы, Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Найзабек Құбашевтан кәсіби мерекелеріне орай сұхбат беруін сұрап хабарласқанымызда оның жексенбі күні кешкі мезгілде жұмыс орнында отырғанын, ертеңіне Азғыр өңіріне іссапарға шығатынын естідік. «Бүгін демалыс, сізді үйде болар деп ойлағанбыз», дегенде сұхбаттасымыз: «Біз үшін жұмыс қой, келе беріңіз», деді. Төменде бөлім бастығымен арадағы әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
– Найзабек Мәжитұлы қым-қуат өзгеріп жатқан бүгінгі заманда полиция қызметкері атану, бұл жұмысты алып жүру оңайға соқпайтыны анық. Екінің бірінің қолынан келмейді. Тәртіп сақшасы қандай болуы керек?
– Халқымыздың мақтан тұтар тұлғасы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», деп айтқан ғой. Жалпы қандай қоғамдық құрылыста да тәртіп бұзушылар кездеседі. Олармен күресуді, өз азаматтарының құқын қорғауды мемлекет қашанда бірінші орынға қояды. Бүгінде полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, шұғыл әрі ептілікпен әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болу, азаматтармен тіл табыса білу, сыпайылық, қарапайымдылық аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын, қоғамның қауіпсіздігі мен тұрғындар тыныштығын қамтамасыз ететін біздің ауданымыздың полиция бөлімі қылмыспен күресте халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп, сенім биігінен көрінуде. Мемлекет басшысы қоғамда заң мен тәртіпті қамтамасыз етуді алдымызға нақты міндет қойды. Біз оны орындауға тиіспіз. Осыған байланысты 2025 жыл Ішкі істер министрлігі жүйесінде «Профилактика жылы: полиция Заң мен Тәртіптің күзетінде», деп жарияланды. Қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығы – халыққа сапалы қызмет көрсетуді және қалың бұқарамен тығыз байланыста өзара әрекет етуді көздейтін нақты ұйымдастырылған, үйлесімді жұмысты талап етеді. Бұл бағыттарда Құрманғазы аудандық полиция бөлімімен аудан аумағындағы құқық бұзушылықпен күрес және құқық тәртібін нығайту бағытында бірқатар ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралар жүргізілді. Қылмыстардың алдын алу, ашу және тергеу нәтижелігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылданды.
– Аудандағы криминогендік ахуалға тоқталып өтсеңіз?
– 2025 жылдың есепті мерзімінде тіркелген қылмыстардың саны 14%-ға төмендеп, 86-дан 74-ке азайды. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары профилактикалық шараларды күшейткеніне қарамастан қылмыстық құқық бұзушылықтар кездесуде. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар төмендеді. Алайда, отбасы-тұрмыстық салада жасалған қылмыстар өсіп отыр. Бұл көрсеткіштің жоғарылауына 2024 жылғы 15 маусымда күшіне енген «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» туралы заңнамалық өзгерістер ықпал етті деуге болады. Қазіргі таңда полиция қызметкері мұндай құқық бұзушылықтарды жәбірленушінің арыз-шағымынсыз-ақ тиісті заңды шарасын қабылдай алады. Ауданда 13 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Өткен жылдың қараша айында аудан орталығында Отбасылық қолдау орталығы ашылып, полиция бөліміне 4 инспекторлық штат бірлігі бөлінді.
Қылмыстардың азаюы жайлы сөз қозғасақ, бөтеннің мүлкін ұрлау: 16-дан 12-ге (-25,0%), пәтер ұрлығы: 8-ден 5-ке (-37,5%), мал ұрлығы: 7-ден 5-ке (-28,6%) кеміді. Ауыр дене жарақатын салу, зорлау, қарақшылық, қорқытып алу, бұзақылық сияқты қылмыстар тіркелген жоқ.
– Қазір цифрлық технологиялар, әлеуметтік желілер өмірімізге дендеп енген соң интернет алаяқтық пайда болды. Олардың құрған тұзағына түсіп қалып барынан айырылып қалып жатқандар да бар. Кейбір адамдар «Бұл неғылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық», деп ойламай, арындап қалады. Алаяқтармен күрес қалай жүргізілуде?
– Интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша 22 факті тіркелді. Құрманғазы аудандық полиция бөлімі арқылы Facebook, Instagram және WhatsApp парақшаларында ақпараттық бейнежолдаулар таратылып, түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізілуде. Сонымен қатар, LED-экрандар мен халық көп жиналатын орындарда брошюралар таратылып түсіндірме жұмыстары да ұйымдастырылуда. Ауылдық округтерде учаскелік инспекторлар халықпен есептік кездесулерде бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарын жалғастыруда. Қазір біздің бөлім жанынан интернет қылмыстарын ашу және тергеу мақсатында арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.
– Соңғы уақыттарда жол-көлік оқиғалары көбейіп кетті. Бұл туралы не айтасыз?
– Аудан көлемінде жыл басынан бері 21 жол апаты тіркеліп, 48 адам жарақат алып, 4 адам қаза тапты. Оның ішінде 9 жол-көлік оқиғасы (19 жарақат, 2 қаза) республикалық, 12-сі (29 жарақат, 2 қаза) ауыл ішілік жолдарда орын алып отыр. Жол апаттарын болдырмау мақсатында аудан орталығының Абай, Қыдыр-Ата, Ж.Нығметов, Н.Манаев көшелеріне «Сергек» бейнебақылау жүйесін, бағдаршамдар орнату жөнінде аудан әкімінің атына ұсыныстар жолданды. Наурыз айында Ақкөл ауылдық округінде жарықтандыру болмауына байланысты жаяу жүргіншіні қағу фактісі тіркеліп, адам өлімі орын алды. Осыған орай Хиуаз–Ақкөл тас жолына жарық шамдарын орнату, жылдамдықты 90 км/сағ-тан 60 км/сағ-қа дейін төмендету және «Сергек» бейнебақылау жүйесін орнату ұсынылды. Егер бұл жүзеге асса, жол-көлік апаты азаяды деген ойдамыз.
Сөз соңында барлық ішкі істер органдарының ардагерлерін, қызметкерлерін және олардың отбасыларын 23 маусым – Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Полиция – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылым. Қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты сақтау жолындағы ерен еңбектері үшін барша әріптестеріме алғыс білдіремін. Біз өмірін тәуекелге тіккен әріптестерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Батырларымыздың рухына тағзым етеміз! Ардагерлерімізге жас ұрпаққа жол көрсетіп, полиция имиджін қалыптастырудағы еңбегі үшін ризашылығымыз шексіз. Кәсіби мереке күні сіздерге және отбасыларыңызға мықты денсаулық, береке-бірлік, қызметтеріңізге табыс тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы еңбектеріңіз жана берсін! Еліміздің тыныштығы – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі!
– Әңгімеңізге рахмет Найзабек Мәжитұлы! Сізге және ұжымыңызға жемісті еңбек тілеймін!
Қанат ҒҰМАРОВ