Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында «супер президенттік» басқарудан Парламенті мықты Президенттік республикаға көшу қажеттігін алға тартты. Бұл қазіргі заманның талаптарынан туындап отырғанын түсіндірді.
Бұған дейін Сенаттың 49 депутатының 15-ін Президент тағайындап, әр өңірден екі сенатор сайланатынын, енді Президенттің Сенаттаға квотасы 10 депутатқа азайтылатынын қаперге берді. Мәжілістегі депутаттардың да саны қысқарып отыр. Осының бәрі өкілетті органның жұмысына жаңа серпін береді деген сенімдемін. «Елімізде көптеген ауқымды жобалар, бағдарламалар бар. Бірақ, түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет», деді Мемлекет басшысы.
Сол сияқты сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты енді кері қайтаруға болады. Бұл өте орынды. Халық қалаулысы аты айтып тұрғандай қалың бұқараға жақын жүргені дұрыс. Бүгінде кейбір депутаттарды сайланып алғаннан кейін көру қиындап кетті. Сайлау алдында берген уәдесін қалай орындап жатырғанынан мүлдем бейхабармыз. Елдің жағдайымен танысуға келгенде, «Талпынған жетер мұратқа», дегендей көтерілген мәселелерді жоғары жаққа жеткізіп, соларды шешуге жұмыстанса наразылық білдіріп, көшеге шығушылар болмас еді. Депутаттың міндеті сессияға қатысып, мандатын көтеріп қолдау білдіру ғана емес. «Болса ғой депутаттың бәрі осындай», деп аудан тұрғындары кезінде сенатор болған Сәрсенбай Еңсегеновті жиі еске алады. Көптен күрмеуі шешілмеген балықшылардың теңізге ертерек шығуын облыстық атқарушы органдармен бірлесе жұмыстанып ретке келтірді. Қазір олар мұз түсісімен көк айдыннан табылады. Аудандық мәслихаттың қазіргі депутаты Біржан Кенжебаевты да тұрғындар құрмет тұтады. Үнемі қолынан келген көмегін аямайды. Ал, кейбір депутаттарымыз не бітіріп жатыр екен? Округтерге жиналысқа барғанымызда: «Біздің депутатымыз қайда? Неге біздің ортамызға келіп мәселемізбен таныспайды?», деп тұрғындар реніш танытады. Олар да жоғарыда аты аталған азаматтардан үлгі алса дейміз.
Депутаттың кері қайтарылуын: «Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады» деп түсіндірді Президентіміз өз Жолдауында. Аудан тұрғындарын Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға қолдау көрсетуге шақырамын. Жұдырықтай жұмылсақ біз алмайтын қамал қалмайды.
Балғаным Хасенова,
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы, «Құрмет» орденінің иегері.