Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстарда басын қатерге тігіп, қайтпас қайсарлықтың, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен бүгінгі ардагерлердің ерліктерін жастарға насихаттау – маңызды іс.
Осыған орай, Құрманғазыда Боздақтар обелискісінде соғыста батылдық танытып, кеудесін оққа тосып, өздерін бейбіт күннің құрбаны қылған жауынгерлердің рухына тағзым етілді. Ескерткіш тақтаның алдына аудан әкімі және аудан ардагерлері, қоғамдық кеңесі, аудандық мәслихат депутаттары, қорғаныс істері бөлімі, Ауған соғысы қоғамдық бірлестіктері, Ауған-Тәжік жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарына қатысушылардың қоғамдық бірлестігі, Чернобыль апаты зардабын жоюшылар қоғамдық ардагерлер бірлестігі, аудандық балалар-жасөспірімдердің денешынықтыру даярлық клубы, Бегәлиев, Ломоносов, Абай, Әуезов атындағы жалпы орта мектептері жанындағы әскери патриоттық клуб атынан гүл дестелері қойылды.
Одан әрі С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде "Зұлмат оқиға –ел жадында" атты салтанатты жиын жалғасын тапты. Алдымен жиналғандар қаза болған сарбаздар мен соғыстан кейін өмірден озған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов алғашқы сөз алып: - Құрметті тәжік-ауған соғысының ардагерлері! Қазақта «Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» деген нақыл сөз бар. 30 жылдан астам тарихы бар тәуелсіз еліміздің шежіресін саралайтын болсақ, сіздер – осы елдің батырларысыздар. Себебі, 1991 жылы еліміздің өз шекарасын түгендегеннен кейін халықаралық аренадағы келесі әрекеті тәжік-ауған шекарасындағы ұрысқа әскер жіберу болды.
Сондықтан, біз тәуелсіз елдің батырлары сіздер деп білеміз. Қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен сіздерге ризашылығымызды білдіре отырып, еліміз тыныш, халқымыз аман, сіздер сияқты батырларымыз көп болсын дейміз – дей келе, аудан әкімінің алғыс хатымен Тәжік-Ауған ардагерлерін марапаттады. Одан әрі Тәжік-Ауған ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлердің Құрманғазы аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Забих Дәулетов сөз сөйлеп, сол бір қиын күндері жайлы естеліктерімен бөлісіп, тағылымды әңгіме ағынын өрбітті.
Шара С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Айнагүл Шакупова