Түзету кабинетінде облыстық семинар өтті

(0 Votes)

№5 педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетінің ұйымдастыруымен «Ерекше білімді қажет ететін балалармен түзету жұмыстарын жүргізуде жаңа әдіс-тәсілдердің тиімділігі» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Кабинеттің мақсаты – ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалармен жасөспірімдерді тәрбиелеу және түзеп-оқыту, жеке тұлға ретінде қалыптастыру әлеуметтік ортаға бейімдеу. Міндеттері – есту, көру, сөйлеу тілі қабілеттері, тірек-қозғалыс аппараты, эмоционалды-ерік саласы бұзылған, зерде бұзылыстары бар, психикалық дамуы тежелген, мінез құлқында қиындықтары бар балаларға психологиялық-педагогикалық түзету көмегін көрсету. Мұнда сабақ мазмұны баланың денсаулығына байланысты арнайы бағдарламасымен анықталады. Осыған орай өткізілген семинарға облыстық білім басқармасы, әдістемелік кабинет басшылары мен мамандары, сонымен қатар аудандарға қарасты дефектолог, психологтар қатысты. Мақсаты – оқыту мен тәрбие үдерісінде жаңаша әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану, өзара іс-тәжірибе алмасу.

Алдымен кабинет меңгерушісі Клара Қажымғалиева қош келдіңін айтып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. «Ойыншықтар» С-дыбысын машықтандыру бойынша логопед Т.Қарабалаева балалармен бірге сабағын жүргізді. «Ғажайып әлеміне саяхат» тақырыбында психолог Б.Алжанова өз жұмысын жан-жақты көрсете білді. «Үй жануарлары» АФК жаттығуларын дефектолог М.Сарина, «Жемістер, көкөністер» Р-дыбысын қою бойынша логопед Э.Салауатова балғындарға қызықты етіп жүргізді. «Отбасы – өмір айнасы» тақырыбы негізінде әлеуметтік педагог Г.Қартжанова тәрбиеші Ж.Сдыховамен бірге ата-аналармен жұмыс жасаса, «Мен армандайтын әлем» атты тренингін психолог М.Боранбаева сәтті өткізді. Айта кетейік, кабинеттің материалдық-техникалық базасы барлық талапқа сай арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Семинар күні бойы жалғасып, облыстан келген 30-ға жуық маман барлық сабақтарға бөлініп қатысып, өз пікірлерін білдірді. Қорытындысында аудандық кабинеттің іс-тәжірибесін облыс көлемінде тарату жөнінде шешім алынды. Сонымен қатар кабинет меңгерушісі Клара Қажымғалиеваға «Үздік басшы» номинациясы табысталды.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT