Құтырма ауруын белгілі бір емдеу әдісі жоқ. Бірақ аурудың бетін қайтаратын, вирусты өлтіретін тәсілдер бар. Алдын алу шараларына – құтырмаға қарсы арнайы вакцина енгізу жатады.
Екпе барлық травматологиялық мекемелерде салынады. Демек ит қауып немесе мысық тырнап алған, жабайы хайуандардан зардап шеккендердің барлығы сонда баруы тиіс. Уақыт өткізіп алмау керек. Адамға шабуыл жасаған итті немесе мысықты білетін болса, оған 10 күн бойы бақылау жасалады.
Құтырған аңдар, жануарлар адамдардан қорқуын қойып, малға, адамға шабады. Аурудың елірме түрінде ит құтырады, тіл алмайды немесе өте еркелегіш болып көрінеді. Мазасызданып, ашушаң болады, қабаған келеді, кез келген жануарға, адамға шабуыл жасайды, судан қорқады, жеуге жарамайтын заттарды жей бастайды, жұтынуы қиындайды. Мысықтарда да құтырма көбіне еліру түрінде өтеді. Онда да ит құтырмасы секілді белгі беріп, көбіне иттер мен адамдарға шабуылдайды. Құтырма кезінде ірі қара малдар ноқтадан босауға әрекет етеді, қатты мөңірейді, жер тарпиды, басқа сиырларға, иттерге, адамдарға ұмтылады. Қой мен ешкіде құтырма мүйізді ірі қарадағыдай, жылқы мен шошқада көбіне елірме түрінде өтеді.
2020 жыл ішінде аудан бойынша құтыру ауруының алдын алу мақсатында ветеринариялық станцияның мал дәрігерлері арқылы 9000 бас МІҚ, 14800 қой-ешкі, 300 жылқы, 1300 түйе, 5000 ит, 1700 мысыққа вакцинация жасалды. Вакцинамен иммундалған жануардың денесінде иммунитет бір жылға дейін сақталады. 2020 жылы барлық елді мекендерде бұралқы ит-мысықтарды аулап жою (дыбыссыз улы дәрі қосылған арнайы инемен ату) жұмыстары жүріп 2368 бас ит пен мысық жойылды. Осы жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табады.
М.Әзімжан,
ҚР АШМ-і Ветеринариялық бақылау
және қадағалау комитеті Құрманғазы аудандық аумақтық инспекциясы мемлекеттік
ветеринариялық-санитариялық инспекторы