Ардагерлерімізді құрметтеу – баршамыздың парасатты парызымыз.
Бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміздің өзі – сол аға буынның арқасы. Яғни, майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті сол ұлы Жеңісті әкелді де. Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген болатын хас батырымыз Бауыржан Момышұлы.Ауданымызда 276 тыл ардагері болса, оның 69-ы аудан орталығы Құрманғазы ауылында.Бұл күндері олардың жасы да – соңы сексеннің сеңгірінен асып, алды жүздің төріне таяп, қатарлары селдіреп қалды.
Аудан әкімі Қайрат Талапұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев бастаған іс басындағы азаматтар, қастерлі мереке қарсаңында сұрапыл соғыс жылдарында бел жазбай еңбек етіп, қиямет-қайым қиындықтарды жеңе білген кешегі тыл еңбеккерлерінің шаңырағында болып, сый-құрмет көрсетті. Алдымен, 90-ға келген кейуана Мырзан Сапароваға сәлемдесіп, мерекемен құттықтады.Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Ернар Мұхамбетәлиев ардагердің өңіріне мерекелік медаль тақты.
Сонымен қатар, аудан әкімінің құттықтау хаты мен гүл шоғы, естелік сыйлық табысталды. Риза болған кейуана Қайрат Талапұлына және басқа құттықтауға барғандарға шынайы көңілін білдіріп, бата берді.
Содан кейін Идаят Құмарғалиевтің шаңырағына барған лауазым өкілдері осындай сый-сияпат көрсетті. – Ел басына күн туғанда, ерлікпен еселі еңбек етіп, халықтың алғысын арқаладық. Осы уақытқа дейін «соғыс жылдарында еңбек еттік, жоқшылық көрдік, жан азабын тарттық» деп кеудемсоқтанып, ешкімге міндетсімейміз. Қара жұмысқа жегілсек те, саналы ғұмырымызды бүгінгі толқынның болашағына сарп еттік. Қазір соның арқасында ешқандай қайғым жоқ. Кемпіріміз екеуміз балаларымыздың қызығына бөленіп отырмыз, - дейді қария.
«Өскелең ұрпақ жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ауызбірлігі мен ерлігі, ерекше табандылығы мен Отанға деген ыстық сезімінің арқасында Жеңіске қол жеткізгенімізді білуі керек» деді ақсақалдың сөзін қостаған аудан әкімі Қайрат Талапұлы.
Бұдан әрі, тыл ардагерлері Мырзабек Ғазизов, Ғалымжан Жұбаниязовтың үйіне барды. Өз кезегінде қариялар осындай құрмет көрсетіп жатқан аудан басшысы мен қосшыларына зор ризашылықтарын жеткізіп, бейбіт өмір мен еңбектеріне табыс тіледі.
А.Шакупова