Тыл ардагері Ажыхан Жақсылықов ақсақал Жаңаталап ауылдық округінің тұрғыны.
Жастық шағы соғыс жылдары мен одан кейінгі қиындықтарға тап келді. Ес біліп, еңбекке араласқаннан бастап басынан талай қиындықтарды өткізді. Соның бәріне төзе білді. Кезінде ұзақ жылдар бойы «Киров» кеңшарында механизатор болып бел шешпей еңбек етіп, ел игілігін еселеді. Сөйтіп, ел алдында беделді, сыйлы азаматқа айналды. Бүгінде бұрынғыдай дауыс беруге өзі бара алмайды.
85-ке шыққан қария Президент сайлауына дауыс жәшігін әкелген №180 сайлау учаскесінің комиссия мүшелерін қуана қарсылады. Өзіне осындай қамқорлық жасап жатырғандары үшін шынайы ризашылығын білдірді. «Сыйласаңдар кәріңді, жарылқармын бәріңді», дегендей, абзал аға, айтары бар ақсақалдың құрметпен қарсылағаны олардың қамын ойлап жүргендердің де жанын елжіретті. 1935 жылы туған тыл ардагері, көп балалы батыр ана Талап Қалиева да сайлау жәшігін әкелгендерге аналық алғысын айтты. Қарияларды елеп, олардың да дауысы маңызды екенін ескеріп жатырған сайлау комиссияның төрағасы Болат Құбаевқа деген ізгі тілегін жеткізді.
Айнагүл Шакупова