Тыл ардагеріне құрмет көрсетілді

(0 Votes)

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толғалы отыр. Осыған орай Жаңаталап ауылдық  мәдениет үйінде тыл және еңбек ардагері, өмір жолы кейінгі жас ұрпаққа өнеге болған, батыр ана Қалиева Талап Қыдырәліқызының туғанына 90 жыл толуына орай « 90 жас белес – берекелі ғұмыр» арналған салтанатты кеш ұйымдастырылды.

Алдымен кеш кейіпкерін қысқаша таныстыра кетейік. Талап Қыдырәліқызы 1935 жылы 14 наурызда сол кездегі Батыс Қазақстан облысы, Гурьев округі, Теңіз ауданы, Дыңғызыл ауылдық кеңесінің Ботақан ұжымшарында дүниеге келген. Әкесі Қыдырәлі 45 жыл кеме жүргізсе, анасы Сақыш егінші, звено жетекшісі болып жұмыс жасаған. Талап әжеміз 9 баланың ішінде 3 ағасынан кейінгі, төртіншісі болған. 8 жасында Ботақан ауылының «Бұйырғын» мектебіне оқуға барған. Алайда, Ұлы Отан соғысы басталып, әкесі мен ағаларын әскерге алып кеткен соң еңбекке ерте араласқан. Мектепте 3 тоқсан ғана оқыған кіп-кішкентай қыз сабақты тастап, әкесі соғысқа кеткенше жұмыс жасаған кемедегі теңіз балықшылары бригадасы қатарына қосылған. Ер балаша киініп алып, балық сорттаушы болып еңбек еткен. Басынан талай қиындықты өткізіп, ерте тұрып, кеш жатып, жел өтінде, толқындармен арпалыса жүріп жетілген. Соғыс аяқталғаннан кейін де 10 жыл сол бригадада жұмысын жалғастырған. Кейін Ы.Алтынсарин атындағы мектепте, ауылдық клубта жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан. 1955 жылы Зормата ауылының тумасы Қалиев Науқанмен отау құрып, өмірге 3 ұл,6 қыз әкелген. Екі ұлы ерте қайтып, қалғандарын оқытып, жақсы тәрбие берген. «Алтын алқа» иегері. Бауырынан өрген ұрпағы Орал, Алматы, Ақтөбе қалаларында, Хиуаз ауылында түрлі салада қызметте. Бүгінде ұрпақтарынан 7 немере, 7 шөбере, 14 жиен, 14 жиеншар көріп отырған бақытты әже.

Салтанатты шарада қарапайым еңбек адамы, қасиетті қара шаңырақтың алтын діңгегі, ұрпағына өнеге болған тыл және еңбек ардагері, Батыр ана Қалиева Талап ұрпақтарымен сахна төріне шақырылды. Отбасы туралы бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Сұңғат Бралиев өзінің және аудан әкімі А.Жанғалиевтың құттықтау хаттарын табыстап "Еңбек ері" төсбелгісімен марапаттады. Одан әрі сөз кезегі ақ ниетін жалаулатып жеткен қонақтар аудандық аналар кеңесінің төрайымы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Балғаным Хасенова,  ел ағалары  Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Таңатар Дәрелұлы, көп жылдар Жаңаталап ауылдық округінде әкім болып еңбек еткен Болат Мұхамбетжанұлы, аудандық мәслихатты ұзақ жылдар басқарған танымал азамат Болат Жүгінісов, Мэлс аға, нағашылары атынан Сағидолла, жиендерінен Асқар ағаларға, құдаларына жолданды.

Шара барысында өнерпаздар әсем әндер орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Соңында ұрпақтары аналарына құрмет көрсетіп жатқан барша ұйымдастырушылар мен алтын уақыттарын бөліп қатысқан ел ағаларына шынайы алғысын білдірді.

Айнагүл Шакупова

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT