Тыл ардагерін қуантты

(0 Votes)

Байда ауылдық округінің тұрғыны, тыл ардагері Сағида Сүлейменова 15 наурызда 92 жасқа толды.

Әжей 1942-1945 жылдары «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін», деген ұранмен тынымсыз еңбек етіп, тер төккендердің бірі. 1946 жылдан 1962 жылға дейін мал, егін шаруашылығында жұмыс жасаған. 1963 жылы Котяев ауылындағы наубайханаға жұмысқа тұрып, 1983 жылы осы мекемеден зейнеткерлікке шыққан. 4 қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан үш немере, он шақты жиен, шөбере сүйіп отыр.

Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиевтің бастауымен, округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов, мүгедектер қоғамының төрағасы Берік Дүйсалиев, округтің аналар кеңесінің төрайымы Рабиға Исмағұлова, Котяев спорт кешенінің меңгерушісі Жанайбек Ислямов, Н.Крупская орта мектебінің директоры Шынар Исатаева, округтің бас маманы Амангелді Ғалиханов қарияны құттықтай барды. Округ әкімі Жүсіп Сүлейменұлы: – Бүгін сіздің туған күніңіз әрі көрісу айт болған соң құттықтап шығуды жөн көрдік. Округіміз бойынша сізден үлкен адам жоқ. Ауылда бәрі өзіңізді жақсы таниды. Бүгінгі бейбіт заманымызда ауыр жылдарда еңбек еткен сіздің де үлесіңіз бар. Құдайдың берген жасын жасап, арамызда аман-есен отыра беріңіз, - деген ақ жүректен шыққан тілегін жеткізді.

img_1020

Ризашылығын білдірген Сағида әжей: – Жаңа жылдарың құтты болсын! Арнайы келіп көрісіп жатқандарыңа көп рахмет. Еліміз тыныш, халқымыз бақытты ғұмыр кешіп, сендер де менің жасыма келіңдер. Ұл-қыздарыңның қызығын көріңдер. Ауыз бірлік болса, бәріне жетеміз. Амандықпен, шалт көңілмен жылдан-жылға жету нәсіп болсын балаларым. Бақытты болыңдар, Алла сыйласын. Сендерге тілегім сол, - деп батасын берді.

Округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов: – «Сыйласаңдар кәріңді, жарылқармын бәріңді», деген ғой, әкіміміз Жүсіп балаңыз бәріміздің басымызды қосып ұйымдастырып, сізге келіп жатырмыз. Алла Тағала кейінгілердің сізге тек жамандығын көрсетпесін. Кезінде әкеміз солай деп айтып отырғанда мән бермейтінбіз, қазір үлкейген соң мағынасын түсініп, олардың амандығын тілейтін болдық, - деді. Жоғарыда аты аталған көрісушілер де әжейге деген ізгі тілектерін арнады. Қарияны күтіп-бағып, қас-қабағына қарап отырған ұлы Салауат пен келіні Гүлзира шаңырақ атынан қонақтарына алғысын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT