Тыйым салынған кітаптарды таратқан

(0 Votes)

«Заңды білмеген жауапкершіліктен құтқармайды», деген сөз бар. Қандай қылмыста лайықты жазасын алады. Соның ішінде елдің бірлігі мен ынтымағына сызат түсіретін, дәстүрлі емес діни ағымдардың сойылын соғып, дінаралық дүрдараздық тудыратын, экстремизм мен терроризмге шақыратын, қоғамның қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттер ерекше қауіпті.  

Мемлекет басшысы биылғы жылы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек», деген болатын. Жолдауда экстремизммен, әсіре діншілдікпен күрес күшейе түсетіні айтылып отыр. Іргесінің берік, тәуелсіздігінің мәңгілік, ел ішінің тыныш болғанын қалайтын әрбір мемлекет халықтың арасында діни іріткі салуға жол бермейтіні анық. Мұндай іс-әрекетті жасап алып, соңынан білмей қалыппын деп опынып, бармақ тістеп өкінген пайда бермейді. Сондықтан төмендегі оқиғаны жастар мұндай қадамға бармасын деген ниетпен назарларыңызға ұсынамыз. 

2024 жылдың 12 қаңтарында аудандық сот Қ.Б-ның қылмыстық ісін қарады. Соттың отырысына айыпталушының қорғаушылары қатысты. Айыпталушы азамат Қ.Б. 2007 жылдың 1 қаңтары мен 2022 жылдың 19 ақпаны аралығында әлеуметтік желісінің телекоммуникациялық жүйесін пайдаланып, оған экстремистік материалдарды ашық орналастыру, тыйым салынған кітаптарды тарату арқылы терроризмді насихаттауды жүзеге асырған. 

Қылмыстық істі қарау нәтижесінде сот айыпталушы Қ.Б-ның бұрын сотталмағанын, жасаған ісіне өкінетінін, қылмыстың ашылуына белсене көмектескенін, кәмелетке толмаған алты баласы барын ескеріп, мүлкін тәркілемей, ҚК-тің 256 бабының 2 бөлігімен 5 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі орташа дәрежедегі қылмыстық-түзету мекемесінде өтеуге, мәжбүрлі түрде 61 260 теңге өтемақы өндіруге  үкім шығарды. «Дін ұстай білсең қасиетің, ұстай білмесең қасіретің» деген осы. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521