Туризм табыстың көзіміздің бірі болмақ

(0 Votes)

Кешелері өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев туризм аймақтардың дамуына серпін беретін, әлеуетті арттыратын сала деп атап өтті.

«Биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді. Сонымен қатар, ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі – Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді» деп әр өңірдің жұрт назарын аударар жақұттарының бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп, насихатталуы қажеттігін назарымызға берді.  

Өзге өңірлерді айтпағанда біз туристерді тек Еділдің төменгі сағасы - Қиғаш өзенінде  өсетін әйгілі шамгүл(лотос) алқабымен қызықтыра аламыз.  Біраздан бері жолдың шалғайлығы мен ауырлығына қарамастан су бетіне жайылған қызғылт гүлдерді тамашалауға жұрт ағылып келеді. Жолымыз дұрысталды, енді туристерге қолайлы жағдай туғызу үшін өзен жағалауын абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Аймағымызда¬ғы ерекше гүл алқабы жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Географиялық орналасуы жағынан ішкі туризмді дамытуға ең бір қолайлы орын. Өкініштісі, сол керемет табиғат сыйын ретін тауып қалып¬ты демалыс орындарына айналдыра алмай отырғанымыз. Бұл жөнінде аудан әкімі Абат Жанғалиев бір сөзінде шамгүлді көру үшін сан мыңдаған шақырымдарды артта қалдырып ауданымызға 5000-нан аса турист келгенін, оның 337-сы шетелдік қонақтар екенін қаперге берді.

– Туризмді дамыту және лотос гүлін кеңінен насихаттау мақсатында өткен жылы «Лотос фестивалін» өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Жергілікті бюджеттен қажетті қаражатты қарастырып қойғанбыз. Алайда өр суынан туындаған төтенше жағдай бұл ойымызды іске асыруға мүмкіндік бермеді. Дейтұрғанмен аталған фестивальді алдағы шілде-тамыз айларында, лотостың нағыз гүлдеген шағында өткізсек деп отырмыз. Келетін қонақтарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында су бойында тамашалау үшін аспалы баспалдақ, қайық тұрақтарын салуға облыстық басқармаларға сұраныстар беріліп қойылды. Қазіргі уақытта Қиғаш өзені бойынан алты туристік демалыс орыны бар, оған қосымша 13 орын салу үшін жер бөлінді, - деген аудан басшысы жеке инвесторлар өз қаражаттары есебінен   спорттық балық аулауға арналған туристік база салмақ ойлары барын жеткізді.

Айбек НӘЖІМОВ

Фото: Ortcom.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT