С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде өңіріміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға зор үлесін қосқан талантты музыкант, дәулескер күйші, тамаша дирижер Төлеген Ахметжановтың туғанына 80 жыл толуына орай «Дарынымен дараланған дарабоз» атты еске алу концерті өтті.
Талантқа тағзым ретінде ұйымдастырылған тағылымды шара алдында аудандық музей қызметкерлері дайындаған тектік мұрағат есебіндегі көшпелі көрме тамашаланды. Кеш үлкен экраннан өнерде бірге жүрген әріптестері Рысты Нәжімованың, Свелана Бердешованың, Заря Телеуованың, Әуез Сәдуұлының марқұм жайлы жүрекке ыстық естеліктерімен бөліскен бейнефильммен басталды.
Театр әртісі Елдос Құлшаров шебер сомдаған Төлеген ағаның ұмытылмас бейнесі, тірісінде таспаланған бейнекадрлар, фотосуреттер көрерменді артта қалған сағынышты жылдарға жетеледі.
Аудандағы алғашқы жоғары білімді музыканттардың бірі Төлеген Ахметжанов 1967 жылы Калинин атындағы кеңшардың өнерлі малшы-механизаторларының басын қосып ұлт аспаптар оркестрін құрды. Кейіннен аудандық мәдениет үйі жанындағы ұжым ретінде аудандық деңгейге көтерді. Оркестрдің репертуарын халық әндерімен, атақты сазгерлер Құрманғазының, Динаның, Дәулеткерей мен Тәтімбеттің күйлерімен толықтырды.
Шеберліктерін шыңдап әлемдік классиктердің туындыларын қиналмай орындайтын дәрежеге жетті. Жергілікті композиторлардың да шығармаларын қосты. Сол кездегі өнер ордасы Алматыдағы байқауға қатысып лауреат атанды. Өнер сапарымен Қазақстанның бірнеше қалаларында болды. Төлеген ағамыз ұзақ жыл оркестрге көркемдік жетекші әрі дирижер бола жүріп аудан мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан елеуге, ескеруге тұрарлық тұлға. Бірнеше рет бүкілодақтық, республикалық байқаулардың лауреаты, «Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бірінші дәрежелі дирижері» атағын иеленді. Соған сай өзі басқарған ұжымға оның есімі берілді.
Еске алу концерті Т.Ахметжанов атындағы аудандық халықтық ұлт аспаптар оркестрі Мейіржан Ыхласовтың дирижерлігімен ұжым репертуарындағы шығармалардың бірінен соң бірін орындады. Марқұмның өңдеуімен оркестрге лайықталып дайындалған танымал сазгерлердің туындылары ойналды. Аудан өнерпаздары Гүлзада Кенжешова, Ерболат Сұлтанов, Раушан Сәрсенова, Толыбай Қажыгереев, Құралай Құдиярова, Жазира Мұхаммединова, Нұртілек Арманұлы және хор ұжымы оркестрдің сүйемелдеуімен ән шырқап, күй тартып тыңдарманына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Талапқали Зайнуллин дирижерлік пультке көтеріліп, өнердегі сараяқтас інісі ретінде марқұмға арнап шығарған сағыншты туындысын орындап тағзым етті.
Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов айтулы музыкант жайлы ақ жарма тілегін жеткізіп, ұрпақтарына аудан әкімі атынан естелік хатын табыстады. Төлеген Ахметжановтың ұлы Бауыржан, қызы Айгүл әкелерін еске алып, осындай құрмет көрсетіп жатқан аудандық мәдениет үйіне дарабоз дирижердің шығармашылық өмірін бейнелейтін көрнекілік стендті тарту етті.
Айбек МЕЙІРМАН