Тәуелсіздік – қазақ халқының бостандыққа деген асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі.
Қазақ елі 1991 жылғы 16 желтоқсанда өзінің тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде бүкіл әлемге танылды. Тәуелсіздігіміздің негізгі құжаттары - Ата заңымыз, мемлекеттік рәміздеріміз, ұлттық валютамыз өмірге енді және ең маңыздысы - тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сәйкес бекітілді. Сөйтіп, 16 желтоқсан - ата-бабаларымыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні боп тарихқа енді. Сол жылғы 16 желтоқсанда қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге 32 жыл толып отыр.
Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы болмақ.
Содан бергі кезеңде құқықтық мемлекетті дамыту, еліміздің Ата Заңының және басқа да заңдардың үстемдігін қамтамасыз етумен байланысты стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда нақты қадамдар жасалды. Азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдігін қамтамасыз ету, елдегі ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның бірлігін сақтау мәселелері ерекше мәнге ие болды.
Аталған маңызды басымдылықтарды жүзеге асыру кезінде прокуратура қызметі де жаңаша мәнге ие болуда. Ол отандық құқық қорғау жүйесінің маңызды буынына, заңдылықты қамтамасыз ету ісіндегі мемлекеттің сенімді тірегіне айналды. Кеше ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, енді бүгін біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр.
Тәуелсіз Қазақстан - ең жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, әлеуметтік мемлекет. Елбасының «Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық» - деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Қазақ халқы осы тәуелсіздікке жету жолында аз қиыншылық көрген жоқ. Мың тоғыз жүз он алтыншы жылғы көтеріліс, жиырмасыншы жылдардағы аштық, отызыншы жылдардағы тотолитарлық жүйе, Отан соғысы, мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы дүниені дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасы. Бұлардың бәрі біздің өшпес тарихымыз екенін мәңгілікке есте сақтауымыз керек.
Елбасының жыл сайынғы халыққа арналған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламаларының барлығы қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған.
Тәуелсіздік алғаннан бері құқық қорғау жүйесінде де көптеген реформалар жүзеге асты. Солардың негізгісі – құқық қорғау жүйесін оңтайландыру, әрбір құқық қорғау органының нақты құзыретін белгілеу, заңдарды ізгілендіре отырып, құқық қорғау қызметінің сапасын арттыру, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін қорғау болып отыр.
Ендеше, тарихы терең, тұғыры берік, еңсесі биік, арманы асқақ қазақ елінің Тәуелсіздік күні құтты болсын ағайын! Шындығына келгенде, әлем картасынан орын алған қай мемлекет үшін де тәуелсіздіктен қадірлі ештеңе жоқ.
Иә, тарих толқынында көп теперіш көрген еліміз үшін тәуелсіздік өте маңызды болатын. Оны әуелі бабалар, одан соң бірнеше буын ұрпақтар аңсап күтті. Сол арман осыдан 32 жыл бұрын орындалып, төбемізді көкке жеткізді. Содан бергі ширек ғасырда қоғам түбегейлі өзгерді. Біз қатаң идеологиямен қаруланған әкімшіл-әміршіл жүйеден бас тарттық. Бұл оңай келген жоқ. Сан ғасырлар бойы небір қасіретті бастан кешсе де мойымаған қазақ халқы ұрпағының бас бостандығы, тәуелсіздігі үшін жан аямай күресті. Осы жолда ұлтымыздың аяулы тұлғалары, қайтпас қайсар батырлары жанын қиды. Әрине, олар бұл күнге жете алмаса да, өздерінің күрескерлік рухын, асқақ арманын болашақ ұрпақ жүрегіне жалғап, алғы күнге үміт артты. Міне, сол ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы көксеген арманына, аяулы мұратына ХХ ғасырдың соңына қарай қолымыз жетті. Бұл кезең тарих үшін қас-қағымдай ғана уақыт болғанымен, тәуелсіз Қазақ елі үшін ғасырдың жүгін арқалаған кезең болды. Осы кезең ішінде қазақ халқы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жетістіктерге жетті. Әрине, оның бәрі бізге оп-оңай келе салған жоқ. Тарихтың таңғажайып сыйы – Тәуелсіздікті баянды етуді басты мақсат санаған қазақстандықтардың еңбегінің, маңдай терінің арқасында ерен қиындық еңсерілді. «Балапанды күзде санайды» дейді орыс мақалы. Міне, бүгінде біз де толайым табыстарымызды саралайтын, алдағы бағындырар биігімізді межелейтін кезеңге келіп отырмыз. Бұл ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі, сөз жоқ, бүкілхалықтық мейрам. Және солай болуы заңды да. Алдағы кезеңде тәуелсіздікті баянды ету үшін атқарылар тірліктің, еңсерер қиындықтың жүгі бұрынғыдан да ауырлау болатынын жас ұрпақтың санасына сіңіру, жүрегіне жеткізу басты мақсат болуы тиіс.
Осы ретте прокуратура органдарының, соның ішінде әскери прокуратураның да арқалар жүгі жеңіл емес. Осы отыз екі жыл ішінде Қазақстан әскері тамаша жетістіктерге жетті. Әскери прокуратураның ерен еңбегі арқасында әр жауынгер өзінің құқын жақсы біледі. Оның сақталуын әскери прокурорлар үнемі қадағалап отырады. Прокуратура бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіре беретін болады. Бұл да біздің тәуелсіздікке деген тартуымыз, қосқан үлесіміз.
Ендеше, әрқайсымыздың кіші отбасымыздан бастау алатын кең-байтақ Отанымыздың Тәуелсіздік күні құтты болсын, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін!
Батыс аймағы
әскери прокурорының орынбасары
Алғатай Нұрғазыұлы