«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана қазақ.
Сөзімізге тұздық болсын, Асан ауылындағы бірегей білім ошағы Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің 2009 жылғы түлектері бүгінде жарап тұр. Олай дейтініміз, мектеп бітіргендеріне 10 жыл толуына орай, туып- өскен ауылдарына үлкен сый тарту етті. Ол Асан ауылының кіре берісінде орналасқан қазақтың бес қаруының бірі садақ бейнесі мен жебе үстінде «Асан ауылы» деп жазылған кіреберіс тақтайша. Аталмыш түлектер, яғни ауыл жастары алтын ұя мектептеріндегі соңғы қоңырау салтанатына қатысып, кейінірек өздері тарту етіп отырған тақтайшаның ашылу салтанатын жасады. Оған ауыл тұрғындары мен мекеме басшылары түгелдей қатысып, шарада «Асаным -ауылым» әнін қосылып шырқады. Жасаған игі істері үшін Асан ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы М.Мырзағалиев 2009 жылғы түлектерге ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.
Біз сөз етіп отырған мектеп түлектерінің игі істері мұнымен тоқтамай, түстен кейін футбол турнирін ұйымдастырды. Теңбіл доп жарысына ауылдың жастарынан 3 команда жасақталып, 1 орынды алған «Студенттер» командасы 20 мың теңге ақшалай сыйлық, сертификат және кубокпен, 2-орынды «Жастар» командасы 15 мың теңге ақшалай сыйлық, сертификатпен марапатталса, жарысты ұйымдастырушы «92» командасы 3 орынды місе тұтты. Осы орайда, айта кетейік, жоғарыда көрсеткеніміздей қаражатты әр команданың капитандары қасиетті Рамазан айында сауаптан құр қалмай, қайырымдылық қорына табыстап, кешкісін ораза тұтқан ауыл тұрғындарына арнап, ауызашар дастарханын жайды.
Қазақта «Қарғыс алма, алғыс ал» деген сөз бар. Ауданнан шалғай орналассақ та, жастарымыз ауылымызды көркейтеміз деп, қызмет қылғаны көңілді қуантады. Әнебір өлең жолдарында айтылғандай, «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді...»
А.Нұрланов,
Асан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы