«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Қайрат Силыбайұлының шешімімен әріптесіміз Айнагүл Шакупованы Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалуымен құттықтаймыз.
Шакупова Айнагүл Күнұзаққызы 1986 жылдың 14 мамырында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия (2007ж) және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің журналистика (2017ж) факультеттерін бітірген.
Алғаш еңбек жолын 2008 жылы Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінде мұнай өнімдерін қадағалау бөлімінде бас маман болып бастаған. 2014 жылдан бері Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінде жемісті еңбек етіп келеді. Бесаспап журналист, мақалалары республикалық, облыстық мерзімдік басылымдарға тұрақты жарияланып жүр. 2015 жылдың қорытындысымен ауданның үздік журналисі атағын иеленді.2016 жылы облыстық «Атырау» газеті ұйымдастырған «Тәуелсіздік толғауы» конкурсына қатысып, белсенділігі үшін ынталандыру сыйлығына ие болды. 2017 жылы облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі өткізген «Шаңырақ» шығармашылық конкурсының жеңімпазы атанды. Әр жылдарда «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының, «Жас отан» ЖҚ төрағасының, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. 2018 жылы «Үздік жас журналист» аталымымен марапатталды. 2015 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Айнагүл Күнұзаққызы өзінің шығармашылық қабілетімен, жұмысқа деген ерекше ынтасымен, ақжарқын мінезімен, адамдармен қарым-қатынастағы қарапайымдылығымен аудан тұрғындарына кеңінен танымал, ұжым арасында беделді. Әріптесімізге ұзақ өмір, мықты денсаулық, жаңа қызметінде жемісті еңбек, шығармашылық шабыт, отбасына амандық тілейміз!
Құрманғазы аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы