Құрманғазы ауданы бойынша 16 ауылдық округ өзен бойында орналасса, соның 9-ы Қиғаштың жағасында орын тепкен. Қиғаштағы бөгеттердің жалпы ұзындығы 158,7 шақырым.
Осы өзеннің бойында орналасқан елді мекендердің бірі – Бөкейхан ауылдық округінде 10 шақырым бөгет бар. Округ әкімі Жүсіп Төреғалиевпен сөйлесіп, өр суының алдын алу бағытында қандай жұмыстар жасалып жатқанын сұрадық.
– Ауылдағы бөгеттерді «Павлодар өзен порты» АҚ бөлген 1 бульдозермен биіктету жұмысы жасалуда. Әзірге топырақты түйіп жатыр. Сенбі күні тұрғындарды да осы жұмысқа шығарамыз. 2 «Камаз» көліктері келеді, солармен топырақ төгуді бастаймыз. Бізде қауіпті 500 метрдей жер бар. Штаб құрылды, қандай жұмыстар жасалатыны жайлы жоспарымыз бекітілді. Алға қарай тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырамыз, – дейді Жүсіп Сүлейменұлы.