23 наурыз күні Түркістан қаласында ІІІ халықаралық «Түркістан жұлдыздары» атты жасөспірімдер мен балалар шығармашылығы феставалі ұйымдастырылды. Оған кең байтақ еліміздің әр өңірінен және көршілес Өзбекстан республикасынан мектеп оқушылары қатысып, әр ұлттың би өнерлерін көрсетті. Аталған сайысқа ауданымыздан Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінің «Наз» би үйірмесінің жас ерекшелігіне қарай үш тобы қатысты. Жетекшісі Ислямова Бақыт Жәдігерқызы.
Конкурста бірінші болып өнерін көрсеткен үлкен топтан «Қазақ халық биі» ІІ орын иемденді. Екінші болып шыққан кіші топтың мың бұралған бишілері «Ұйғыр халық биін» орындап, І орынға лайық деп танылды. Соңғы болып өнер көрсеткен үлкен топ «Үнді халық биін» тамаша билеп, өзгелерден оқ бойы озып І орынды қанжығалады. Үнді биі басқа билерден айтарлықтай өзгеше шықты, себебі балалар екі әуенді қоса орындады. Бұл дегеніміз би жетекшісі шеберлігінің көрінісі. Нәтижесінде алысқа ат арытып барған жас бишілеріміз, топ жарып, еңбектің ақталғанын көрсетіп, олжалы оралды! Халықаралық сайыста, жан-жақтан келген өнерлі топтардың арасында мұндай жетістікке жету оңай емес. Бишілеріміз ата-аналардың қолдауынан да шет қалмады.
Осыған дейін де, «Наз» би тобы көптеген облыстық, республикалық онлайн сайыстарға қатысып жүлделі орындар алып келді. Бірақ, бағын байлап жүрген жайттар да баршылық. Ол қаржылық жағынан қолдаудың кемшін түсуі. Ағымдағы жылдың ақпан айында Атырау қаласында өткен халықаралық сайысқа қатысып, Дубай қаласына жолдама алған. Алайда, демеушіліктің жоқтығынан бара алмай қалды. Алға қарай өнерге жанашырлық танытар азаматтар болса осыны ескере жүрулерін сұраймыз.
А.Шакупова