М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебі мен «Ақ жаулығым – қазынам» әжелер клубы жанынан құрылған «Даналық мектебінің» ұйымдастыруымен «Тәрбие – тал бесіктен» атты мәдени шарасы өтті. Ұлт келешегі болған өнегелі отбасылар дәріптеліп, сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақтың иелері ортаға шақырылды. Көпке үлгі болған отбасылардың бірі Берік Мусағалиев пен Нұргүл Мұратованың жанұясы өздерін таныстырып, жүргізушілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Алтын асықтай алты ұлды тәрбиелеп отырған Есенбай Мұхтаров пен Анар Ғазизова отбасының татулығы, берекесі, жарасымдылығы жөнінде әңгіме өрбітті. Шараның құрметті қонағы, аудан халқын нан-кондитер өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған белгілі кәсіпкер Бақтылы Құспанғалиқызы жөнінде қысқаша бейнеролик тамашаланды. Келесі кезекте 2018 жылы ауыр дертке ұшыраған анасына бауырының 70 пайызын беріп, донор болған ардақты ұл, бүгінде Атырау облыстық жедел жәрдем станциясының Құрманғазы аудандық бөлімшесінің фельдшері Роман Нысанов өзінің жары Альбина Қамиевамен бірге қошеметпен ортаға шақырылды. Ананың өмірін арашалаған шара қонағы жағдайдың қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндады. Бүгінде ананың да, баланың да денсаулығы жақсы, елмен бірге еңбекке араласып жүріп жатыр. Романның зайыбы Альбина да өзімен бір салада жұмыс жасайды. Жас отбасы фельдшерлік жұмыстың қызығы мен қиындығы жөнінде жан-жақты айтып өтті.
Шара қорытындыланып, ата-аналар комитетінің төрайымы Балжан Жұмалиева , Құрманғазы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гаухария Кінәмақызы, мектеп директоры Гаухар Мәжитова сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс хат, естелік сыйлық табыстады.