Трансшекаралық бірлескен оқу-жаттығу өтті

(0 Votes)

Төтенше жағдайларды болдырмау, дала және орман өрттерінің алдын алу, осы бағытта көршіліс мемлекетпен шекара маңындағы бірлескен іс-қимылды одан әрі жетілдіре түсу, азаматтық қорғаныс құрылымдарының дайындығын арттыру мақсатында «Табиғи өрттерге ден қою бойынша кешенді трансшекаралық оқу-жаттығу» іс-шарасы өтті.

Екі күнге созылған шараның басында Ресей Федерациясы ТЖМ Астрахань облысы бойынша бас басқармасы, Атырау облыстық ТЖД, Құрманғазы ауданының төтенше жағдайлар бөліміне қарасты құрылымдар қатысты. Жаттығуда аудан әкімі Абат Жанғалиев пен Ресей Федерациясы ТЖМ Астрахань облысы бойынша бас басқармасының өкілі Сергей Соболевтің азаматтық қорғау құрылымдарының саптық дайындығын тексерді. Екі жақтан келген ондаған техникалар мен жүзге жуық адамдар сап түзеді.

Кешенді трансшекаралық оқу-жаттығу Сафон ауылдық округінде бір үйде өрт шығып айналаға жайылуымен басталды. Округтің ерікті өрт сөндірушілері оған өз күштері жетпегендіктен іргелес Бірлік, Кудряшов, Бөкейхан ауылдық округтеріндегі әріптестерін көмекке шақырды. Аудандық төтенше жағдайлар бөліміне, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне хабар берілді. Оларға қарасты өрт сөндірушілер толық құрамда техникаларымен келіп жетті. Өрт өзеннің арғы бетін де шарпығандықтан оны сөндіруге ресейліктер тартылды. Осылайша бірлескен күш-жігердің арқасында қызыл жалын ауыздықталды.

Келесі кезекте қазақстандық және ресейлік өрт сөндірушілер арасында футболдан жарыс өтті. Бұл сайыстың басқаларынан өзгешелігі қатысушылар газ тұмылдырығын киіп, ауа баллонын асынып, өрт сөндіру киімдерімен ойнады. Нәтижесінде қазақстандықтар жеңді. Жаттығу одан әрі жауынгерлік қанат жаю сайысына ұласты. Мұнда ресейлік және қазақстандық төтенше жағдайлар бөлімдері жылан сияқты ирелеңдеген белгілердің арасымен өрт сөндіру көлігімен өтіп, кері шығып, санаулы минуттарда қауіпті нысанға су шашудан сынға түсті. Ресейліктер өздерінің жылдамдығымен ерекшеленіп, жеңіске жетті.

Аталған жарыстарда озық шыққан құрамаларға аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Жасұлан Ақтаев, Ресей Федерациясы ТЖМ Астрахань облысы бойынша бас басқармасының өкілі Сергей Соболев диполмдар мен медальдар, кубоктар табыс етті. Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Жасұлан Ақтаев: – Бүгінгі оқу-жаттығу өз дәрежесінде өткеніне куә болып тұрмыз. Былтыр да ұйымдастырылды. Өткен жылы футболдан ресейліктер жеңді. Биыл қазақстандықтар үстем түсті. Екі ел арасындағы ынтымақтастық осылай жалғасын таба берсін, – деп ризашылығын білдіріп, Атырау облысы әкімінің Астрахан облысы губернаторына жолдаған Құттықтау хатын табыстады.

Ресей Федерациясы ТЖМ-ның Астрахань облысы бойынша бас басқармасының өкілі Сергей Соболев: – Марапаттар өз иелерін тапты деп есептеймін. Бұл адамдар құтқарушылар сапынан. Қажет болса өзгелер үшін басын қатерге тігеді. Біздің басты мақсатымыз – өртті болдырмау, одан адам өмірін қорғау және жалын ошағын жою. Екі күндік оқу-жаттығуда өзара тәжірибе алмастық, бірлескен іс-қимылдар пысықталды. Ол тек осындай шараларда ғана пайдаланылсын. Ешқашан өрт болмасын, адам өмірі қиылмасын, – деп кешенді трансшекаралық жаттығуды жақсы ұйымдастырғаны үшін Атырау облысы ТЖД-не, аудан әкімдігіне, концерт қойып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жатқан ауданымыздың мәдениет саласы қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT