Трактордың қосалқы бөлшектері удай қымбат

(0 Votes)

«Дұрыс келдім бе, әлде бұрыс келдім бе» дегендей сұраулы жүзбен жұмыс кабинетімізге енген жігіт ағасы жауабымызды күтіп тұрмастан шағымын айта жөнелді.

– Бұрынырақта осы аудандық газетте Сағынтай марқұм сияқты таныстарым көп болатын. Біреулерден қағажу көрсек көмек сұрап осында келетінбіз. Бүгін де сондай кейіпте келіп қалып тұрмын, айыпқа бұйырмаңыздар. Осы бағаны ышқырдан шығарып қоя беретін саудагерлерге тыйым бола ма, өзі?! Мен өзім Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Жайық учаскесінде шаруасын жүргізіп отырған Өмірзақов Бақтығали деген ағаларың боламын. Өткен әзірде ескілеу болса да бар тірлігімді тындырып отырған тракторымның «НШ-10» деген насосы істен шығып, шауып тастаған пішенім күйіп бара жатқасын жанұшырып аудан орталығынан сатып алуға жеттім. «Соқыр көргенінен жазбайды» деген бұрыннан да қосалқы бөлшектер алып жүрген дүкенге келіп керекті дүниемді сұрадым. Удай қымбаттығына ішім жылап тұрса да бәрінде баға осылай болар деген оймен сұрағанын беріп, алып кете бардым. Бүгін тағы бір ісім түсіп жаңағы дүкеннің жанындағысына бас сұқсам әлгі насосым мұнда 43 мың теңгеден тұр екен. Жүгіре баса жетіп өткенде саудаласып кеткен сатушыға айтсам «алған жерімде осылай қымбат болды» деп бет бақтырмайды. Алатыным бар болғаны 80 мыңдай зейнетақы енді қайтпекпін, кімге барып мұңымды шағармын?! Қайда да соры қайнайтын қарапайым халық болғаны ғой, сірә.  Ауыл шаруашылығы бөліміндегілерге де айтып кеттім, осыдан шығып «Аманатқа» да соғамын қайран болса.  Айналайындар газетке шығара салыңдаршы тым болмаса мен сияқты мұқтаж жандар ыссылай қауып, аузы күйіп жүрмесін, - деп бастырмалата айтарын айтып салды.

Осылай күйіп-піскен жанға не көмегімізді тигізер екенбіз деген халде дағдарып біз тұрмыз. Бір жағынан ішпей-жемей саудагерге жем болған жігіт ағасына жанымыз ашиды, екінші жағынан кәсіпкердің де қылығын теріс дей алмаймыз. Бұл қазіргі нарықтық қатынастың нағыз қатал заңы. Тек саудамен кәсіп қылған адамда ынсап болса дейміз, ал ағамызға айтарымыз заман ағысынан қалмай бүгінгіге бейімделе білсе ешкімге есеңіз кетпес еді деу ғана.

Айбек НӘЖІМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT