Аудан әкімі Абат Жанғалиевтің төрғалығымен өңірімізде жарияланған жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою шараларына тартылатын күштердің жұмысын үйлестіру жөніндегі штабтың кезекті отырысы болып өтті. Оған түп тереңдету жүргізілетін округтердің әкімдері, қоғамдастықтың өкілдері, мәслихат депутаттары, мердігер мекеменің өкілдері және бірқатар шаруа қожалықтары иелері шақырылды.
Штаб бастығы, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов хабарлама жасады. -Қиғаш өзенінің су көлемін ұлғайту және гидрологиялық режимін жақсартудың екінші кезеңінің құрылыс-монтаж жұмыстарына мемлекеттік сатып алудың үлгілік шарты бойынша бір көзден мердігер мекеме болып «Bertys Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылды. Техникалық қадағалауды «SPC Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарады. «Жаркөсе және Ганюшкин каналдарын тереңдету (теңіз бөлігі)» нысанына да бір көзден осы мекеме мердігер болды, «Инжиниринг контроль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық қадағалауды жүзеге асырады. Қазіргідей су мөлшерінің төмендігін пайдаланып екі нысанда да жұмысты бастап кету үшін аудандық резервтік қордан бес-бестен он миллион теңге бөлінді, қалған қаражатқа облысқа бюджеттік өтінім жолданды. Екінші кезеңнің түп тереңдетуінің жалпы ұзындығы 128,654 шақырымды құрайды. Бүгіннің өзінде Нұржау ауылдық округіне қарасты Көкарна учаскесінде жұмыстар басталып та кетті. Теңіз бөлігіндегі жұмыстар бойынша көпфункционалды «Амфибия» қазу техникасы да іске кірісті. Түп тереңдету барысында алынған топырақтар тасымалданбай сол маңға жайылып тегістеледі, аудан орталығына жақындары басқа аймаққа шығарылады, - деп келер жылдың сәуіріне дейін бұл жұмыстарды аяқтау көзделгенін айтты.
Жиынға қатысып отырған депутат Есболат Құбашев, Орлы, Мақаш ауылдық округтерінің әкімдері Жандос Бектеміров, Бауыржан Қадыров, «Құрманғазы су арнасы» мекемесінің басшысы Ерлан Аманжанұлы, қоғамдастық мүшесі Исағали Рысқалиев мәселеге орай кейбір алаңдаушылықтарын жеткізді. Елді мекендер аймағындағы жұмыстар барысында су, газ құбырлары, телекоммуникация желілеріне зиян келтірмеу, қазудан шыққан топырақтардың ауыл шаруашылығы жерін бүлдірмеуі, малдың өтуіне, су ішуіне қолайлылық тудыру жағы сөз болды. Мердігер мекеме өкілі жұмыстар бекітілген жоба шеңберінде жүргізілетінін жеткізді.
Отырысты қорытындылаған аудан әкімі Абат Жанғалиев керімсал күз бен жайлы қыстың қолайлы күндерін пайдаланып, өр суына дейін көзделген жұмысты еңсеріп тастау қажеттігін қаперге берді. – Мұндай оңтайлы жағдай бола бермейді, түп тереңетудің екінші кезеңін барынша тиімді іске асырып алу қажетпіз. Округ әкімдері, ауылдың белсенділері қазылатын жерлерді бақылауға алулары тиіс. Мердігер мекеме басқа жақтыкі дегенмен онда істейтіндер біздікі ғой, қай жерден малға өткел қалдыру, тік жарды көлбегейлеу сияқты шаруаға қажетті жайттарды түсіндірсеңдер істеп береді деген ойдамын. Өзімде басында болғанда ескертемін, техника сол жерде тұрғанда бәрін жасатып алыңдар, әйтпесе соңынан өтіп кеткесін қайта барып жүрмейді ғой. Тағы да айтарым, қазылатын аумақтағы су, газ, телекоммуникация желілеріне жақын жерді қазбай кетеміз деген болмайды, Шаронның Шөбеке өзекшесіне құяр тамағында газдың үлкен құбыры жатыр, оған тиіспесеңдер су шықпайды ғой. Қаншама тереңдетіп ор қазсаң да тамағы бітеліп құғап жатса оның неге керегі бар, - деген аудан әкімі жиын соңынан аталған мекемелердің басшыларымен бірлесе қарап, тығырықтан шығудың жолын іздестірейік деген ұсынысын айтты.
Айбек НӘЖІМОВ

