Өлкеміздің жоқ-жігітін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отырған абыз ақсақалдың бірі – Мәдениет Харесов. Нұржау ауылдық округі әкімі аппаратында ардагердің торқалы 90 жас мерейтойына арналып карантин талаптарына сәйкес мәдени шара өтті.
Жиынды ашып жүргізген аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев мерейгердің өмір және еңбек жолына кеңінен тоқталып, аудан әкімінің құттықтау хатын табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шабан жапты.
Келесі кезекте аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов ел ағасының қызметтік жылдарындағы ерекше кезеңдерін тілге тиек етіп, азаматтық келбетіне жоғары бағасын берді. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жұмақай Ғұмаров батагөй жанның бойындағы асыл қасиеттерді тізбектесе, ауданның Құрметті азаматы Таңатар Дәрелов өлең-шашуымен зор ілтипатын білдірді. Мерейтой иесінің жиен інісі Серік Алғаязов жылы лебізін арнап, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бауыржан Наурызбаев шара кейіпкерінің ардагерлер ұйымы жұмысын жандандырудағы еселі еңбегін атап өтті. Оған қоса ауыл ардагерлері Жібек Кисимова қазыналы ақсақал жайлы ыстық естеліктерімен бөлісіп, Ғалым Айтжанов, Оразғали Алғаязов сый-сияпат ұсынды.
Округ әкімі Мұрабек Мұғалім Мәдениет Харесовтың өмірлік жолдасы Алтын Шотбасовамен ауылдың арқасүйер ақылшыларына айналып отырғанын үлкен мақтанышпен айтып, ел бағына есен-сау болуларын тіледі. Нұржау жалпы орта мектебінің директоры Гүлбаршын Кенжеғалиева, Нұржау мәдениет үйінің директоры Бақыт Ақмұқанова, «Гаухар» бөбекжай балабақшасының меңгерушісінің міндетін атқарушы Ғинура Құрақова ардагердің үнемі ақыл-парасатымен кейінгіге үлгі-өнеге екенін жеткізді.
Барша көрсетілген сый-құрметтен көңілі көкке жеткен көреген адам, көсем тұлға Мәдениет Харесовтыңаузынан ақ батасы жібекке тізген лағыл моншақтай төгілді.
Еркеназ Қалижан