Аудан әкімінің есеп беру жиналысы аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде өтті.
«Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы алдын ала хабарланғандықтан халық көп жиналды. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, аудан әкімі Бибоз Шаяхметов бастаған облыстық басқарма басшылары мәдениет үйінің кіре берісінде ұйымдастырылған қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.
Жыл қорытындысымен берген есебінде аудан әкімі Б.Шаяхметов өткен жылы атқарылған жұмыстарға, жеткен жетістіктерге салалар бойынша тоқталды. Аудан басшысының әлеуметтік-экономикалық даму бойынша есеп беруі бұған дейін газетімізде толығымен жарияланғанын оқырманның есіне сала кетейік. Келесі кезекте қатысушылар тарапынан сұрақтар берілді.
Еңбек ардагері Шайхатолла Жәлелов: - Нұржау орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары үш-төрт жылға созылып отыр. Менің білгім келгені оған бөлінген қаржы кері қайтарылса аяқталу мерзімі ұзарып кетпей ме? Балалар құрылыс жүріп жатса қайда оқып жатыр? Осыған талдау жасап жіберсеңіз. Екінші сұрағым ауданымызда 80 мың дана жұмыртқа шығаратын құс фабрикасын салып жатырған кәсіпкер электр жарығын, газді әрқайсысына 10 миллион теңгеден жұмсап өз күшімен тартқан. Фабрика енді 1-2 айда пайдалануға беріледі. Оған және жалпы кәсіпкерлік саласына қандай қолдау көрсетілуде?- деді.
Медицина саласының ардагері Талғат Аманғалиев: - Аудан орталығындағы бұрынғы шипажай ғимараты бос тұр. Ауласында 1990 жылдары ашылған минералды су бар. Аталған ғимаратты болашақта қайтадан аудан халқына қызмет қызмет ететін орынға айналдыру жөнінде аудандық ардагерлер ұйымы облыс басшылығына, облыстық денсаулық сақтау басқармасына бірнеше рет жазды. Кезінде газбен жылытылып тұрған еді, қазір ішінде ештеңе жоқ. Оны осылай қалдырмай бір пайдаға асыруларыңызды сұраймын, - деді.
Ауыл тұрғыны Орақбай Мұратов: - «Қазтрансгазаймақ» деген мекеме өткен жылдың жаз айынан бастап төлемге коэффицент қолдануда. Мақсаты тарифтың сыртында газдің төлемін көбейту. 2012 жылы осындай жағдай орын алғанда халық монополистік комитетке, жоғары жақтарға жазғаннан кейін коэффицентті алып тастады. Бұл экономикалық және физикалық заңдылықтарға сыймаса да ыссы, салқын кездерде қолданып жүр. 2018 жылы 3 қазанда Астананың экономикалық соты монополистік комитеттің талабымен осыны қарап тарифті қолдану жөніндегі шешімді бұзды. Тұтынушыларға 278 млн. ақшаны қайтаруға шешім шығарып, «Қазтрансгазаймаққа» 13 млн. теңге айыппұл салды. Сот шешімі 5 желтоқсанда күшіне енді, - деп коэффицент қараша мен желтоқсан айларында 14 пайызға өсіп отырғанын жеткізіп, шарасын алуды сұрады.
Қазақстан ҰҚК-нің Құрметті ардагері Тілек Айтқалиев: - Ұлы Отан соғысының ардагері Жорес Ысқақовтың есімі ауданға жақсы таныс. Өзім сол кісінің шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Ардагер спортшының есімі аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешеніне берілсе деген ұсынысым бар, - деп ол кісіге ауданның Құрметті азаматы атағын берсе де артықтық етпейтінін айтты. Байда ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов: - Ауылымыздағы су құбыры 2013 жылы салынды, содан бері ешқандай жұмыс істемеді. Әлі солай тұр. 15-16 жыл бойы су керектігін айтып қақсаудамыз. Шекарадан кіргендегі бірінші елді мекенбіз. Жат жерліктер елімізге бізге қарап баға береді. Елбасымыз дамыған мемлекеттердің қатарына қосыламыз деп отырғанда бұл Қазақстанды ештеңесі жоқ, артта қалған ел етіп көрсеткісі келгендердің ісі болар деп ойлаймын. Неге десең шетелдіктер басқа жермен емес, осы Котяевтің үстімен өтетіні оларға жақсы мәлім. Жазғы су құбырын тартамыз дейді, ол бәлен жыл экспертизада жатты. Ол жасалса да қуанар едік. Шекара бойындағы бірінші елді мекендегі ауыз судың мәселесін шешуді сұраймын, - деп одан әрі елді мекеннің атауын өзгертуге қатысты пікірін ортаға салды.
«Байда» атауын жергілікті тұрғындар қолдап отырғанын, ғалымдар бұл сөздің түркі тілінен қазақшаға аударғанда «Жауды тізе бүктірген жер» деген мағына беретінін дәлелдегенін жеткізді.
Білім саласының ардагері Б.Шурин: - Аудан орталығындағы стадионның жағдайы қиын. Күтімсіз қалып, азып кеткен. Елбасымыз биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Сондықтан осы стадионды жөндеуді немесе жаңасын салуды жоспарға енгізуді өтінеміз. Екіншіден ауданда балаларға арналған бір тынығу лагерін салуды сұраймын. Бұл дарынды балаларды даярлауға, қатарын көбейтуге септігін тигізеді, - деп тендер өткізуді бақылауда ұстау қажеттігін айтып, аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Зейнеткер ұстаз О.Құмарғалиева: - 2016 жылы жас туристер бекеті ашылды. 2018 жылы балалар мен жасөспірімдердің денешынықтыру даярлық клубы коммуналдық мекемесі құрылды. Бүгінгі таңда жас туристер бекетінде 500-ге тарта оқушы қамтылып, олармен туризм саласы бойынша жаяу жорық, спорттық бағдарлама үйірмесі жұмыс жасауда. Қазірдің өзінде оқушылар жорықтарға шығып туристік әдістермен танысуда. Осыған орай оларға арнайы ғимарат салу жөнінде ұсыныс бердік, жер бөлінгенінен хабардармыз. Десек те бұл мәселенің тезірек шешімін табуына атсалыссаңыздар екен, - дей келе аудан әкімінің есебін жақсы деп бағалады.
Жастар атынан сөйлеген Бегалиев орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Т.Әділбекқызы: - Қанатының астына алып қолдау көрсетіп отырған Елбасымыз барда біздер жастар ел үшін аянбай еңбек етеміз. Қазір өз мамандығым бойынша сүйікті жұмысымды атқарудамын. Менің өтінішім жастар оңаша бас қосып, уақыттарын тиімді өткізетін орын бөлінсе екен, - деді.
«Қазтрансгазаймаққа» қатысты осы мекемені аудандық филиалының басшысы Р. Нәсиболлаев жауап қайтарып, ол мәселені жоғары басшыларына мәлім ететінін айтты. Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы сұрақтарға берген жауабында бюджеттің құрылымын түсіндіріп өтіп: - Берілген ақша 100 пайыз игерілді. Қосымша қаржы көздері бізде жоқ. Күрделі жөндеуге өткен жылы шілде айынан бастап 3 мектеп пен бір жатақханаға қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу порталымен Оңтүстік Қазақстан облысының бір мекемесі жеңімпаз деп танылып, бізбен келісімшартқа отырды. Біреуі биылғы 15 қаңтарда, қалғаны былтыр 3-4 айда аяқталуы тиіс еді. Ол жұмыстың аяқталуына өзімнен бастап барлығымыз араластық. Алайда мердігердің жауапсыздығынан созылып кетті. Бүгінгі таңды Д.Нүрпейісова атындағы жатақхананың жөндеуі бітті. Алтынсарин атындағы мектепке бөлінген 54 млн. теңге игерілді. Қалған 347 млн. теңге мектептің есепшотында. Мердігер жұмысты жалғастырып жатыр, бірақ экономикалық сотқа бердік, айыппұлы есептелуде. Ертең атқарылған жұмыс пен істелетінінің айырмасын шығарғаннан кейін қайтадан конкурс өткізіп, екінші мердігерді анқытаймыз. Сол мердігермен бұл жұмысты жаңа оқу жылына дейін аяқтаймыз. Манаев атындағы мектепте де 64 млн. теңгедей қалып отыр, қалған жұмыстар бітті.
Қ.ҒҰМАРОВ.