Тоқсаннан асқан қария өз таңдауын жасады

(0 Votes)

Құрманғазы ауылдық округінде орналасқан №170 сайлау учаскесі бойынша дауыс беруге өздігінен келе алмайтын және телефонмен хабарласып сайлау жәшігін әкелуді сұраған 22 адамға ондай мүмкіндік туғызылды.

Солардың бірі еңбек ардагері, 91 жастағы ауыл тұрғыны Оңдасын Карсаков ағамыз. Жәшік әкелген учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерін ақсақал жылы қарсылап, төс қағыса көрісіп:

– Қарақтарым, алдымен Ұлыстың ұлы күні, иісі мұсылман қазақтың ең ардақты мерекесі – Наурызымыз құтты болсын! Жастарыңа жас қосылып жатыр. Бұл ай халқымызды бірлікке, достыққа, өзара сыйластыққа тәрбиелейді. Келесі Наурыз айына да аман жетейік. Еліміз аман, халқымыз тыныш болып, ынтымағы жараса берсін! Бүгінгі сайлау да осы бір шуақты күнде, малдың аузы көкке тиер, қазақ арқаны кеңге салар сәтте келіп жатыр екен. Үш кандидат түсіп жатыр, бәріне де сәттілік тілеймін! Мен де өз таңдауымды жасадым. Сайлау сайын осылай жәшік әкеліп жүрсіңдер. Әрдайым мұндай қоғамдық жұмыстан талмаңдар, жалықпаңдар, үлкендердің батасын алыңдар. Ақылдарың асып, дәулеттерің тасып, елдің алғысына бөлене беріңдер!, – деп ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT