Той тәрбие бастауы болса...

(0 Votes)

Тойдағы дастарханның сәнін дұрыстадық, ал той өткізудің мәнін дұрыстадық деп айта алмаймыз.

Тойдан көбіне демалып емес, сарсылып отырып, шаршап қайтамыз. Кінә кімнен?! Қазақтың тойы – ұлттық тәрбие бесігі болған. Әдет-ғұрыптың, салт сананың, өнердің бақ сынайтын кезі той үстінде өткен. Әрине, қазір емес, бұрындары... Ал қазіргі тойлардың түр-түсі бөлек, мазмұн, маңызы да өзгеше. «БАҚ-тардағы үйлену тойлары мен басқа да мерейтойлар өткізудің жаңа тәсілдері туралы пікірталасты қолдаймын. Жауыр болған атаққұмарлықтан, ысырапшылдықтан, сән-салтанаттан құтылатын жаңа үлгі қажет. Өзбектер, түріктер, түрікмендердің үлгілері бойынша ұлттық салт-дәстүрге ден қою керек», - деген болатын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөйтіп, той бардың малын шашқанын, жоқтың артын ашқанын көрдік. Бүгінде көрпесіне қарай емес, жұрттың сөзіне қарай көсіліп жүрген көптеген таныс-туысымыз той жасаймыз деп алған несиесін әлі өтеп жүр...

Өткен жылы «Ана тілі» газетіне ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың «Құндылықтарымыз құлдырамасын» деген мақаласы жарық көрді. Сол мақалада Қырымбек Елеуұлы бүгінгідей күрделі кезеңде жұдырықтай жұмылған жұрт болып кеңесетін келелі мәселелер аз еместігін баяндаған. Соның бірі – той томалақ, жаназа сияқты халық көп жиналатын ғұрыптық дәстүрлерді өткізу.

«Қазір өзіміз көзімізбен көріп, куә болып жатқанымыздай бекітілген санитарлық талаптарды бұзып, жасырын той жасап, құдалық өткізіп, ас беріп жатқан оқиғалардың арты орны толмас өкінішке әкеп соқтыруда. Мұндай басқосуларға жиналған қарақұрым халықтың тең жартысының ауру жұқтырып, ауыр халде жатуын, тіпті бірқатарының ақтық сапарға аттанып кетуіне себепкер болуын немен түсіндіре аламыз? Әрине, қазақта «Той – тәңірдің қазынасы» деген сөз бар. Бірақ осы сөзді айтқан бабаларымыз «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген сөзді де ескеріп жүруімізді қаперімізге салып кеткен. Біз қазір құндылықтары жаңарған мүлде өзге ғасырда өмір сүріп жатқанымызды естен шығармауымыз керек.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық прагматизм мәселесі туралы өте өткір әрі жан-жақты атап көрсетеді. Біз мақалада көрсетілген осы бағытқа тереңнен қарауымыз керек деп ойлаймыз. Дамыған елдер ертеден үнемшілдікті, жинақылықты басты құндылығына айналдырса, ал бізде бәрі керісінше – даңғазадан, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз сән-салтанаттан әлі арыла алмай келеміз» деп жазған еді Мемлекеттік хатшы.

Бұл мақалаға байланысты жазушы Смағұл Елубай ағамыз «Егемен Қазақстан» газеті арқылы өз пікірін білдірді. «Заңмен реттелген дұрыс» деген тақырыпта жарық көрген материалда автор алдағы уақытта ас пен тойды ең көп дегенде 50 адамнан асырмай өткізу, оны заңмен бекіту туралы ұсынысын айтады.

Уақыт ұршығы айналмай, бір орында тұрар ма?! Содан бері жылға жуықтапты. Пандемия өткен күз бен қыста сап бәсеңдегенімен, көктемде қайта өршіді. Қанша жерден айтылып, ескертіліп, әкімшілік шаралар алынғанымен, жасырын тойлар тыйылмауда. «Халық байлығы» деп бағаланған тойды карантиндік шараларға сәйкес бүгінше шектеу туралы талап қойылып отыр. Ертең пандемиядан да құтылармыз. Сол кезде де «қарыздансаң да, той жаса» деген қағиданы ұстанамыз ба? Әлде жаңаша сипаттағы той өткіземіз бе?!

(Жалғасын газетіміздің алдыңғы санынан оқи аласыздар)

 

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT