Әр ауылдың адамгершілік асыл қасиеттерімен жан-жағына сәуле шашып, жылылық ұялатып тұратын біртуар перзенттері болады. Осы ретте Нұржау ауылының үлкен-кішісі қалмай қатты сыйлайтын Харистегі Мәдениет ағаны осы санаттағы жандардың қатарына жатқызар едік.
Туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне саналы ғұмырын арнап, атақ-даңқ қумай, құбатөбел ғұмыр кешіп, шындық пен әділдікті ту еткен нар тұлғалы азамат бұл күнде тоқсанның тұғырына табан тіреп отыр. Табиғатынан тәубешіл, адамгершілік пен адалдықты бойына жиған, ақырын жүріп, анық басатын, артық сөзі, асылық ісі жоқ ағамызды білмейтін адам кемде кем шығар. Оның өзін өте салмақты да сабырлы ұстап, ешкімнің сөзін бұзбай мұқият тыңдай білетін құймақұлақтығы, әңгімесін әріден бастап, тыңғылықты жеткізетін шешендігі тәнті қылады. Мәдениет ағамыз ұзақ жылдан бері аудандық газетпен тығыз шығармашылық байланыста болып, ұлттық құндылық, тарих, өлкетану, әдет-ғұрып, ұрпақ тәрбиесі бағытында танымдық мақалаларын жиі жолдап отырды. Әлі күнге дейін қолынан қаламын түсірмей келеді. Сондықтанда бірнеше буын редакция қызметкерлері үшін тоқсанында тоқырамаған тілшіміздің өмір жолы өнеге, құрметі бөлек.
Тіршілікте көргені мен түйгені көп Мәдениет Харистегі 1931 жылдың қаңтарында Нұржау топырағында дүние есігін ашады. Осы ауылдағы бастауыш, орталау мектептерде білім алып, онжылдықты аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектептен тәмамдап шығады. 1952 жылы міндетті Отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырылып, туған ауылынан жыраққа аттанады. Қызыл тулы Түркістан әскери округінің құрамына өткен жас жауынгер алдымен арнаулы әскери білім беретін училещеге қабылданады. Осында екі жылдай дәріс алып, әскери дайындықтан өтті. Оқу мерзімі біткен соң Кеңестер Армиясының кіші лейтенанты шенімен танк әскері взводының командирі лауазымын алып шығады. Сонымен қоса, тракторшы-жүргізуші(шофер) азаматтық мамандығын игереді. Мәдениет ағамыз алдағы өмірін әскери қызметпен байланыстырар ма еді егерде мына бір жағдай алдынан шықпаса. Сол кездегі заң талабы бойынша жанұясында жалғыз ер баласы барлардың баласы қарулы күштер қатарында ұстауға рұқсат берілмей қояды. Сөйтіп, оған Түркістаннан туған топырағына қайтып оралуына тура келеді. Оған онша қиналған ағамыз жоқ, сағынған анасының, бауырларының жанына тезірек жеткеніне қуанады.
1956 жылдың 1 қыркүйегінде Нұржаудағы Ленин атындағы орта мектепке әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Осында табан аудармастан 40 жылға жуық еңбек етіп, жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеп, Отан қорғау ісіне үйретеді. Мәдениет ағайларының мектебінен өткен түлектердің арасынан қарапайым сіз бен біз меңгерген бейбіт мамандық иелерімен қатар, Бахтолла Теміржанұлындай, Камалбек Нұриұлындай Ауған соғысын көрген, ұзақ жыл әскери өмірде шыңдалған кадрлық офицерлер де бітіріп шығады. Білім беру саласындағы осындай қажырлы еңбектері ескерусіз қалмады. Қаз КСР оқу ағарту министрлігінің, облыстық, аудандық білім беру басқарма, бөлімдерінің, Теңіз аудандық әскери комиссарының және ДОСААФ ұйымы басшысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бірнеше рет мектеп оқушылары арасында далалық оқуды жақсы ұйымдастырғаны, тыңғылықты әскери-партиоттық тәрбие бергені үшін алғыс білдірілді. Ұлы Жеңістің 60, 65, 70 жылдық мерейтойлық медальдары, «КСРО Азаматтық қорғаныстың үздігі», «Еңбек ардагері» төсбелгілері табысталды.
«Көргені жақсы көш бастайды» дегендей, 1995 жылы құрметті зейнеткерлікке шыға тұрса да өзін ауылдың қоғамдық өмірінен алшақ салмай Нұржау ауылдық ардагерлер кеңесіне төрағалық жасады. Үлкендік жасына лайық ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, терең ойлы ақсақал ел арасында кездеспей қоймайтын тұрмыстық кикілжіңдерді, отбасылық келіспеушілікті шешуге, тентек пен теліні тыйуға көп еңбегін сіңірді. Осы мақсатта жиі-жиі қолына қалам алып, ұрпаққа ұлағатты тәрбие берерліктей кестелі сөздерін, орамды ойларын газет беттерінде жариялап отырды. Қазақтың небір дана ойшылдарының, батыр-ғұламаларының өмірінен ғибрат терерліктей мақалаларын жарыққа шығарып, оқырмандар тарапынан оң бағасын алды. Осындай өскелең ұрпақ, қоғам үшін атқарған игіліктері істеріне орай Құрманғазы ауданының Құрмет грамотасын екі мәрте иеленді. Ардагерлер ұйымы қызметін жандандыруда сіңірген еңбегіне үшін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасы Б.Ізмұхамбетовтың қолынан «Құрмет белгісі» төсбелгісін алды. Армия генералы С.Нұрмағамбетовтің медалімен де марапатталды.
Мәдениет ағамыз сонымен бірге ғажап тіркестермен, тәлімдік көркем ойлармен төгілдіре жөнелетін суырыпсалма батагөй ақсақал. 2018 жылы «Батаменен ел көгерер» атты бата берушілердің Батыс аймақтық ашық байқауында жүлделі екінші орынды еншілеп, көпшілікке танылды. Сондай-ақ, үлкен әулеттің қадірменді отағасы, зайыбы, «Кеңестік сауда ісінің үздігі» Шотбасова Алтын апамыз екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірді. Ауыл-аймақтың ардақтысына айналған абзал жан қашанда кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге.
А.НӘЖІМОВ