Тоқсан шаруа қожалығы субсидия алды

(0 Votes)

Қазақты төрт түліксіз көзге елестету қиын.

Бабаларымыз сайын далада мыңғырған малмен көшіп жүрді. Кешегі Кеңес заманында да Қазақстан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысып Одақты азық-түлікпен қамтитын негізгі өңір болды. Қазір де малсыз көзге елестету қиын. Дамыған елдердің қайсысында болмасын ауыл шаруашылығына үлкен мән беріледі. Себебі ол – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Бұл сала Тәуелсіздік тұсында да өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Десек те еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 19 тауар енсе, оның алтауын сырттан тасимыз. Мысалы, жыл сайын 191 мың тонна құс еті мен 30 мың тонна шұжықты импорттаймыз. Статистикалық деректерге сүйенсек Үкіметіміз бүгінге дейін агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыруға, оны қолдауға бағытталған жалпы көлемі 292 млрд теңге қаражат бөлген. Аталған қаржы субсидиялаудың 47 түрі арқылы агросекторға салынды. Ауданымыздың да экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген. Бізде субсидиялау қандай деңгейде? Осы жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Саламат Қабдоловпен сұхбаттасқан едік. Төменде соны назарларыңызға ұсынамыз.

– Алдымен ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы туралы айта кетсеңіз?

– 2019 жылдың 11 айының қорытындысымен өндірілген өнім көлемі 12739,8 млн теңге, нақты көлем индексі 101,6 пайыз болды. 2018 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 1876,2 мың теңгеге өсім бар. Ауданымыздың негізгі даму бағыты ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы болып табылады. Былтыр барлық меншік нысандары 8 767,9 тонна ет, 10657,7 тонна сүт, 118,0 мың дана жұмыртқа өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда барлығы 100%-ға орындалды. Мүйізді ірі қара 65001, қой мен ешкі 198 878, жылқы 24 830, түйе 5209 басты құрады. Егін шаруашылығының көлемі 4215,7 млн теңге болып, нақты көлем индексі 101,4 пайызды көрсетті. Айта кетейік, 2019 жылға облыс әкімімен егін көлемін 885 гектарға, тамшылатып суару технологиясымен өсірілетін егістікті 265 гектарға жеткізу жөнінде тапсырма беріліп, ауылдық округтерге бөлу кестесі жасақталды. Оның ішінде, картоп-530, көкініс пен бақша-280, мал азық дақылдары 75 гектар. Егілген егіннен 5480 т картоп, 3750 т көкініс, 1686 т бақша, 150 т мал азық дақылдары алынды. Балық шаруашылығымен ауданымызда 6 шаруашылық субъектісі айналысады. Каспий теңізі мен Қиғаш өзені сағалық кеңістігінен 2019 жылға 4969 тонна лимит бөлінді. 4703 тонна балық ауланып, лимит 95 пайызға орындалды. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 10 шаруа қожалығы 49,555 млн.теңге несиеге қол жеткізді.

– Мал шаруашылығына төленетін субсидиялар жөнінде айтып өтсеңіз? Ол қалай беріледі? Шарттары қандай?

– Сатып алынған ірі қара асыл тұқымды аталық және аналық малға бір басқа 150 мың, ал, тауарлы аналық малдың біреуіне 10 мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Ол үшін бір бас аталық малға 25 аналық малдан келуі шарт. Қой малына байланысты субсидияға келсек, асыл тұқымды аталық қошқарға бір басқа 8 мың, 1 аналық қойға 1500 теңге субсидия тиесілі. Мұның да шарты жоғарыдағыдай, 1 бас аталық қошқарға 25 аналық қой болуы керек. Жылқы және түйе малдарының асыл тұқымды аталығын сатып алғаны үшін 1 басқа 100 мың теңге субсидия беріледі. Аналығына төленбейді. Барлық сатып алынатын асыл тұқымды малдар асыл тұқымды мал өсіруге берілген құжаттары бар шаруашылық субъектілерінен алынуы қажет. Биыл 90 шаруа қожалығы 107 млн. субсидия алып отыр.

– Субсидия егін салғандарға да тие ме?

– Картоп және мал азықтық дақылдарының жоғары сортты, яғни элита тұқымына кеткен шығынның 25 пайызы субсидияланады. Ал, көкөніс және бақша өнімдерінің тұқымдарына төленбейді. Тыңайтқыш түрлеріне қарай 25 пайыз бен 50 пайыз аралығында субсидиялар қаралған. Оны алмастан бұрын ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің мамандарына жолығу қажет. Себебі 1 гектарға пайдаланылатын тыңайтқыштың нормативіне байланысты төленетінін ескертеміз. Егін шаруашылығына пайдаланылған материалдарға да, мысалы тамшылатып суару ленталарына, пленкаларға, су айдағыш насосқа, егінді қоршауға сым, соқа алуға кеткен қаражатқа және тағы да басқа шығындарға 25 % субсидия қаралған. Егінге берілетін субсидияны «Сандуғаш» шаруа қожалығы былтыр және алдыңғы жылы алды.

– Осы қаржылай қолдаудың тағы қандай түрлері бар?

– Жайылымды суландыруға байланысты алынатын барлық құрал-жабдықтарға кеткен шығындардың 80 пайызы Үкімет тарапынан субсидиялау арқылы кері беріледі. Мысалы күн батареясын, су айдағыш және су көтергіш насостарға т.б. жұмсалған қаражат. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникаларының ат күштеріне байланысты қосымша механизмдеріне және агрегаттарына кеткен шығындардың 25 пайызы субсидиялау арқылы кері қайтарылады.

– Сөзіміздің соңында субсидияны қалай алуға болатынын түсіндіре кетсеңіз?

– Аталған субсидияларды алу үшін шаруа қожалығы куәлігі, шаруашылық жеріңіз, мөріңіз, банктен шотыңыз, ХҚКО арқылы электронды сандық қолтаңба (ЭЦП ключ) алған затыңыздың төлеу чегі, келісімшарт, алыс-беріс актісі талап етіледі. Алмастан бұрын аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне келіп жолықса, сол жерде мамандарымыз нақты түсініктер береді. Биыл қаржылай қолдауда өзгерістер болса ол да айтылады. Субсидияны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөледі. Біз құжаттарын жинауға көмектесеміз. Арғы жағында бұл жұмыс электронды ключ арқылы бітеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT